Алматы мен Қарағандыда 11 адам қар құрсауынан құтқарылды

0

2018 жылғы 23 желтоқсан 21:44 195

Алматы мен Қарағандыда 11 адам қар құрсауынан құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Алматы мен Қарағанды облыстарындағы жолдарда 11 адам құтқарылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов хабарлады.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында Қызылорда-Павлодар автожолының 679 шақырымында, Ақтүбек ауылынан 30 шақырым жерде «Қызылорда-Астана» бағытындағы «Mercedes» маркалы жолаушылар автобусынан техникалық ақау табылған. Ондағы жеті жолаушыны ТЖК трассадағы медициналық-құтқару бекетінің күштері құтқарды және Ақтүбек ауылына жеткізді.

Автобуста барлығы 12 жолаушы болған. Олардың бесеуі өзге көліктерге мініп, сапарын жалғастырған. Құтқарылған жолаушылар медициналық көмекті қажет еткен жоқ. 

Одан бөлек, Алматы облысы Алакөл ауданында Үшарал-Достық автожолының 110 шақырымында, Ақши ауылынан 60 шақырым жерде Алматы облысының ТЖД жедел-құтқару жасағы қар құрсауынан 4 жүк автокөлігін құтқарып, 4 адамды Ақши ауылына жеткізді. Олар да медициналық көмек сұраған жоқ.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz