Алматы мен Нұр-Сұлтандағы митинг: азаматтар шетелден нұсқау алып отырды

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Сайлау күні ішкі істер органдарының 20 мыңға жуық қызметкері елдегі тәртіпті қамтамасыз еткен

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің наразылық акциялары кезінде сабырлылық танытып, арнайы құрылғылар пайдаланбағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы митингілер «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым — Sputnik) қозғалысының бастамасымен ұйымдастырылды. Ал осы ұйымның жетекшілері азаматтарға шетелден нұсқау беріп отырды.

«Ұйымның белсенділері жаппай үгіт-насихат жүргізді. Әрине, ондай жұмыстар халыққа әсер етпей қоймайды. Соның нәтижесінде адамдар заңсыз митингке шықты. Ал жеке құрам барынша ұстамды болып, араңдатушылық әрекеттерге бой берген жоқ», — деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, митингтер кезінде арнайы-құрал жабдықтар пайдаланылған жоқ. 

«Әрине, біз әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіздік. «Қазақстанның демократиялық таңдауының» чаттарын да қарап отырдық. Шетелден түскен нұсқауларға да талдау жасадық. Сондықтан олардың 10-ы күні де көшеге шығатынын білдік. Чаттарда отырған белсенділер сан алуан арандату жолдарын ұсынды. Олар ірі көшелердің қозғалысын жабуға, тіпті, құқық қорғаушыларға қатысты күш қолдануға үндеді», — деп атап көрсетті Қожаев.

Ол сайлау күні ішкі істер органдарының 20 мыңға жуық қызметкері елдегі тәртіпті қамтамасыз еткенін атап өтті. 



sputniknews.kz