Алматы мен Нұр-Сұлтанда шамамен жүз шақты адам ұсталды
Жексенбі, 9 маусымда Қазақстанда рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырып, қатысқаны үшін шамамен жүз шақты адам ұсталды. Бұл ақпаратты орталық сайлау комиссиясының отырысы кезінде ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев хабарлады.
Оның айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтанда елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының шақыруымен қаладағы орталық алаңға жүздеген адам жиналған.
— Ұйымның қашқын жетекшісі билікті алалау және сайлауға бойкот жариялау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды. Бірақ соған қарамастан сайлау штатты жағдайда өтіп жатыр. Әрине, мұндай жаппай насихат жұмысы «нәтижесіз» қалуы мүмкін емес, кейбір азаматтар соларға ерді, бірақ тәртіп пен заңды орнатумен айналысамыз, — деді Қожаев.
Министрлік өкіліне «бүгінгі наразылықта қанша адам ұсталды» деген сұрақты Азаттық пен Vlast сайтының тілшілері қойған. Журналистердің кәсіби міндетін атқару кезінде ұсталуы жайлы сұрақ қойған Азаттық тілшісінің сұрағына Қожаев бұл жайлы бірінші рет естіп отырғанын, мәселені зерттеуге уәде берді.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Алматы мен Нұр-Сұлтанда жаппай наразылық акциялары болды. Алаңға жиналғандар президент сайлауына бойкот жариялау керектігін айтты.