Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция ондаған азаматты ұстады

0

Шілденің 6-сы күні кешкі сағат 19:00 шамасында Алматыдағы орталық стадион маңы полиция мен арнайы жасақ өкілдеріне толы болды. Олар Балуан Шолақ спорт сарайы алдында жүрген адамдардан не үшін келгенін сұрап, кейіннен ұстай бастады.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілері кемінде отыз адамның ұсталғанына куә болды.

Есімін Сәлима Қағазбаева деп таныстырған азамат «Шаршағандықтан келдік. 27 жыл бойғы алдау. Биліктің тұтас кеткенін қалаймыз. Бәрі кетсін. Еркіндік болғанын қалаймыз. Өміріміз өтіп барады. Балаларымның өмірі бұдан да нашар болғанын қаламаймын» деп айта бастап еді, оны сөйлеп тұрған жерінен полиция қызметкерлері ұстап әкетті.

Ұсталғандардың бірі «Шал кет!», «Қазақстан, алға!» деп айғайлады. Қарсыласқанына қарамастан полиция оның қолын қайырып, автозэкке отырғызып алып әкетті.

Тікелей эфирді көріңіздер:

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Бектұр Ізбасаров Абай мен Байтұрсынов көшесі маңында сәкіде отырған азаматтарға «бұл заңсыз митинг, 10 минут уақыт берем, егер бұл жерден кетпесеңіздер, ұстаймыз» деп ескертті.

Тұрғындарды таратуға тырысқан полициямен қатар оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі Алтай Рақымбеков те жүрді. Ол азаматтарға митингтің заңсыз екенін ескертіп, оған қатысқандарға жаза қолданылатынын ескертті.

АЗАТТЫҚТЫҢ ТҮСІРІЛІМ ТОБЫНА ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІ

Дәл осы кезде Нұр-Сұлтанда да полиция министрліктер үйіне жақын Республика даңғылы маңында жүрген адамдарды ұстады.

Ұсталғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Бірақ тікелей эфирде ақпарат таратып жатқан Азаттық тілшілерінің шамалауынша, олардың саны жиырмадан асады.

Қолшатыр ұстаған маска таққан, қара түсті киім киген белгісіз азаматтар Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасады. Олар қолшатырмен камера бетін көлегейлеп, азаматтарды ұстап жатқан полиция әрекетін түсіруге бөгет жасады. Олар бұған қоса, Азаттықтың түсірілім тобының штативін сындырған. Журналистер полицияға шағымданғанмен тілшілер өтінішіне құлақ асқан полиция қызметкері болмады.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де қалада кемінде бірнеше адамның ұсталғанын хабарлады.

Қазақстанда 6 шілде астана күні ретінде тойланады.

Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Ол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Қозғалыс тұрақты түрде жақтастарын үкіметке қарсы митингілерге шығуға шақырып келеді. «Ақша жымқырды», «адам өлтіруге тапсырыс берді» және өзге де айыптар тағылған Әблязов сырттай өмірлік жазаға кесілген. Әблязовтың өзі бұл айыптарды жоққа шығарып, істің саясиланғанын, биліктің өзінен өш алғысы келетінін айтқан.

Бұған дейін бас прокуратура 6 шілдеде заңсыз митингке қатысқандар жазаланады деп ескерткен еді.

Azattyq