Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өткізуге арналған орындар белгіленді

0

Бейбіт жиын өткізу үшін әр қалада төрт орын белгіленді. Олардың басым бөлігі саябақтар мен гүлзарлар

АЛМАТЫ, 8 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан мен Алматыда бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізуге арналған арнайы орындар, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібі мен қатысушылар саны бойынша норма бекітілді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы мәслихатының шешімі «Ашық НҚА» (НҚА – нормативтік-құқықтық актілер) порталында жарияланды.

Нұр-Сұлтанда белгіленген орындар:

  •  Пушкин көшесі мен Құдайбердіұлы даңғылы қиылысындағы саябақ, аумағы – 4 380 шаршы метр, 1 000 адам;
  • «Столичный» циркі жанындағы алаң, аумағы – 2 064 шаршы метр, 1 000 адам;
  • Жеңіс, Абай даңғылы, Бигелдинов және Желтоқсан көшелері төрбұрышындағы жазғы алаң, аумағы – 1 695 шаршы метр, 500 адам;
  • Жазушылар аллеясынан (Абай даңғылынан Сембинов көшесіне дейін) бастап, саябаққа (Құдайбердіұлы даңғылынан Пушкин көшесіне дейін) дейінгі аралық, аумағы – 2 055 шаршы метр, 1 000 адам.

Алматыда белгіленген орындар:

  • Махатма Ганди атындағы саябақ – 200 адам;
  • «Сары Арқа» кинотеатрының артындағы гүлзар – 500 адам;
  • «Шоқан Уәлиханов» атындағы гүлзар – 1 000 адам;
  • Шевченко көшесіндегі «Шоқан Уәлиханов» атындағы гүлзардан Махатма Ганди атындағы саябаққа дейінгі (шеруге және демонстрацияға арналған) бағыт – 1 000 адам.

Бейбіт митингілер мен шерулер өткізу ережесі

Қалалық әкімшілік бейбіт шеруді мақұлдаған соң мемлекеттік органның өкілі бір күн бұрын өткізу орнына баруы керек. Ол жерде:

— бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың айрықша белгісінің болуын;

— периметрі мен өткізу орнының материалдық-техникалық сипаттамасымен танысып, анықтау;

— бейбіт жиналыстар кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дыбыс күшейткіш техникалық құралдар, көлік, плакаттар, транспаранттар мен өзге де көрнекі үгіттеу құралдары және осы заңда көрсетілген құралдарды пайдалану туралы;

— БАҚ үшін арнайы белгіленген орын (лента немесе қоршаумен шектеу; фото-видео түсірілім және сұхбаттасу үшін жеткілікті көрінуді қамтамасыз ету);

— бейбіт жиналыстар өткізу кезінде аудиовизуалды техника құралдарын пайдалануға, сондай-ақ бейне және фототүсірілім жасауға;

— бейбіт шеруді өткізу маршрутымен танысады.

Бейбіт жиналыс өткізу күні ұйымдастырушы және оған қатысушылар:

— өтініште көрсетілген мерзім аралығында мамандандырылған орынның аумағында болады;

— ғимараттардың, құрылыс жайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл көшеттердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;

— санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерін сақтап, Қазақстан Республикасының қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заңнамасын сақтайды;

— бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының ерекше белгісін тағып жүреді.

Пикет өткізу ережесі

Нормативтік-құқықтық актілер порталында пикет өткізу ережелері де жарияланды.

Пикет – қоғамдық маңызы бар мәселелер туралы адамдардың органдар мен ұйымдардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі бойынша пікірін білдіру.

Төмендегі нысандардың іргелес аумағынан 150 метрден кем қашықтықта пикет өткізуге тыйым салынады:

— жаппай жерлеу орындарында;

— теміржол, су, әуе және автокөлік объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

— мемлекеттің қорғанысын, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

— Қазақстан Республикасы президентінің, Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;

— қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

— магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

— ТҚО объектілердің іргелес аумақтарында.

Сонымен қатар бір азаматтың белгілі бір жерде және статикалық (қозғалыссыз) түрде пикет өткізуіне рұқсат беріледі. Плакат, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалануға болады. Пикет ұзақтығы (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда), бір жерде, бір нысанда күніне екі сағаттан аспауы керек.

Оқи отырыңыз: Бұдан былай бейбіт митинг өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ – Тоқаев

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, сол жерлер мен дәл сол нысанда екі және одан көп пикетті бір уақытта өткізуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар дыбыс күшейткіш техникалық құралдарын пайдалануға болмайды.

Шешімді нормативтік-құқықтық актілер порталынан және осы жерден көруге болады.



sputniknews.kz