Алматы мектептеріндегі оқушы орнының тапшылығы 80%-ке азаяды
Қысқа сілтеме алу
Биыл Алматы қаласының бірнеше ауданында тоғыз мектеп салып, қосымша ғимараттар тұрғызу арқылы 20 мыңға жуық оқушы орны қамтамасыз етіледі
АЛМАТЫ, 19 мамыр– Sputnik. Алматыда 2020-2021 оқу жылында 1-сыныпқа отыз мыңнан аса бала қабылданады. Бұл жайында қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Алматы мектептеріндегі оқушы орнының тапшылығы шамамен 30 мыңға жетеді. Жыл сайын өсіп жатқан контингентті ескере отырып, келесі жылы оқушылар саны бұдан да өсуі мүмкін. Алматы қаласы әкімдігі тарапынан білім беру ұйымдарын қарқынды салу бағдарламасы әзірленген. Қаланың шеттегі аудандарында мектептер салу іске асырылады», – деді Жылқыбаева.
2020 жылы Алатау, Наурызбай, Түркісіб аудандарында тоғыз мектеп салынады, 13 мектепке қосымша ғимарат салу жоспарланып отыр. Сол арқылы алдағы оқу жылында 20 мыңға жуық оқушы орны іске қосылады.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі кезде Алматыда төрт жекеменшік мектептің құрылысы жүріп жатыр.
«Алдағы жылы 47 мыңға жуық оқушы орны қамтамасыз етіледі. Осылайша, 2021 жылдың 1 қыркүйегінде мектептердегі оқушы орнының тапшылығы 80%-ке азаяды», – деді Жылқыбаева.
Мемлекеттік жекеменшік әріптестік және әлеуметтік жауапкершілік аясында 2020 жылы 5 мектеп салынып, екі қосымша ғимарат құрылысы басталады. Нәтижесінде алты мыңға жуық орын қосылады.
Оқи отырыңыз: Шексіз білім беру: мектеп оқушыларына арналған онлайн-оқыту
sputniknews.kz