Алматы марафонында ұсталған екі белсендіге де айыппұл салынды

0

Алматыда марафон кезінде ұсталған Айдос Нұрболатов пен Айгүл Нұрболатовқа Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге) көлемінде айыппұл салды. Олар «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталды. Сот отырысы 22 сәуір кешкісін өтті. Адвокат Разия Нұрмышева шешіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Бұған дейін әкімшілік сот Сұлубике Сүлейменоваға да осындай шешім шығарған. Сот Сүлейменованың аяғы ауыр екенін ескеріп, айыппұлдың көлемін 30 пайызға азайтқан. Қорғаушы бұл шешімге де апелляциялық шағым жазатынын мәлімдеген.

Айгүл Нұрболатова, Айдос Нұрболатов және Сүйінбике Сүлейменова (бірінші қатарда) сотта отыр. Алматы, 22 сәуір 2019 жыл.

Айгүл Нұрболатова, Айдос Нұрболатов және Сүйінбике Сүлейменова (бірінші қатарда) сотта отыр. Алматы, 22 сәуір 2019 жыл.

21 сәуірде Алматы марафоны кезінде полиция бірнеше белсендіні жол жиегіне «От правды не убежишь. У меня есть выбор. #adilsailayuzhin» (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар. Әділ сайлау үшін) деген жазуы бар баннер ілгені үшін ұстаған. Сол күні сот Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағып, 15 күнге қамады. Белсенділердің адвокаттары сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсіретінін айтқан.

22 сәуірде бір топ белсенді Алматы қалалық сотының алдына жиналып, Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбаевты босатуды талап етті.

Ал Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев​ «ұсталған жастар марафон өткізуге кедергі келтірді» деді.

Azattyq