Алматы маңындағы қоқыс полигонынан қалдықтарды жою жұмыстары жүріп жатыр

0

Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылы маңында 16 мамырда өртенген қоқыс полигонынан қалдықтарды жою жұмыстары жүріп жатыр деп хабарлады ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің (ТЖК) баспасөз қызметі.

«Қоқыс полигонындағы қалдықтарды жою жұмыстары өрт автоцистерналарымен, су тасығыштармен және арнайы техникамен 17 мамыр күні түнгі сағат 3:00-ге дейін созылып, сол күні таңғы сағат 6:00-дан бастап қайта жалғасты» делінген 17 мамырда түске таман тараған ТЖК хабарламасында.

Комитет өкілдері 16 мамырда кешке полигондағы өртті сөндіруге екі тікұшақ көмектескенін, өрттің бәсеңдеп, тек түтін шығып жатқанын хабарлаған. Өртті жоюға барлығы екі тікұшақ, 53 техника және 91 адам жұмылдырылған.

​ «Қазіргі уақытта жану ошағының периметрі бойынша су төгу және балшық төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сағат 7:00-ден бастап су ағызу құрылғылары бар екі тікұшақ жалпы көлемі 90 текше метр су шашты. Сонымен қатар оқиға орнында тұрақты аэровизуалды мониторинг жүргізу үшін Матрица-600 квадрокоптері қолданылып жатыр» делінген хабарламада.

Мамырдың 16-сы күні түнде Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылы маңындағы қоқыс полигонынан өрт шығып, қаланы түтін иісі басты. Әлеуметтік желі қолданушылары өртке байланысты ресми ақпараттың уақытылы тарамағанын айтып, билікті сынаған еді. Кейбір азаматтар ауаға зиянды заттардың көп тарағанын айтып, алаңдады.

16 мамырда Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «ауада зиянды заттардың жоғары мөлшері» анықталмағанын хабарласа, Алматының ауа сапасын бақылайтын тәуелсіз жоба авторы Facebook парақшасында азаматтарды «аса қажеттілік болмаса көшеге шықпай, терезені жауып үйде отыруға» кеңес берген еді. Алматы қалалық экология департаменті «стационарлық постардан сынақ алып» зерттеуге кіріскенін айтты.

Тәуелсіз экологтар дерегіне жиі жүгінетін, Алматы қаласы ауасының ластану деңгейін өлшейтін airkaz.org жобасы 16 мамыр күні қалада зиянды заттар мөлшерінің қалыпты шамадан өте көп екенін (133-ке дейін жетті, неғұрлым жоғары болса, соғұрлым зиянды заттар көп) көрсетіп тұрды.

Ал 17 мамыр airkaz.org жобасы түске таман Алматы ауасында зиянды заттардың мөлшері біршама азайғанын (35) көрсетті.

Төтенше жағдайлар комитеті бұған дейін полигонның өз-өзінен өртенген болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Қарай отырыңыз: Қоқыс полигонындағы өрт (16.05.2019).

Azattyq