Алматы маңында күре жолда ондаған көлік соқтығысты

0

Алматы облысында отыз шақты көлік соқтығысып, салдарынан бес адам жараланып ауруханаға түсті. Бұл туралы 10 қаңтарда Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Полицияның мәліметінше, ондаған көлік Алматыдан шамамен 20 шақырымда, Алматы — Қапшағай күре жолында соқтығысқан.

«Оқиға орнында жол-патруль қызметкерлері мен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Бес адам жараланған, барлығы Іле аудандық ауруханасына жатқызылды» делінген департамент таратқан ақпаратта.

Көліктер соқтығысынан және ауа-райы қолайсыз болғандықтан жолда көлік кептілісі пайда болған.

10 қаңтарда таңертең Алматы мен қала маңында қалың тұман түсіп, жол көктайғаққа айналған. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, тұманнан Алматы әуежайында бірнеше рейс бөгелген.

Дереккөз: Азаттық