Алматы кәсіпкерлерінің өкілі карантинде жұмыссыз әр күнге 2 млрд талап етті
Карантиннің ұзартылғанына наразы болған Алматы кәсіпкерлерінің өкілі жұмыссыз тұрған әр күнге 2 млрд теңге өтемақы талап етті.
Карантиннің күшеюіне байланысты бизнесі тоқтап қалған Алматы кәсіпкерлерінің өкілі мемлекеттен жұмыс болмаған әр күн үшін 2 млрд теңгеден өтемақы талап етті. Бұл ақша қызметкерлердің айлығын және жалдау ақысын төлеуге жұмсалады дейді ол. Алматының бизнес қауымдастығы атынан сөз алған кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Максим Барышев осылай деп мәлімдеді.
– Тыйым салу және шектеу кезеңінде жұмысшылардың жалақысы мен жалдау ақысын және несиенің бір бөлігін төлеу үшін [кәсіпкерлерді] бюджеттен тікелей қаржыландыру керек. Жұмыссыз тұрған әр күн үшін қаржы бөлінуі тиіс. Қазір 50 мыңға жуық компания мен жеке кәсіпкер шектеуге ұшырады. Бұл – 250 мың қызметер, өте қомақты сан. Бұл – тек еңбекақы мен жалдау ақысы. Бизнесмендер ұжымды және жалдау орнын сақтап, мүмкіндік берілгенде қайта жұмысқа шығуға дайын. Бірақ қазір бюджеттен ешқандай төлем қарастырылмаған, – деді Барышев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылған бизнес қауымдастығының өкілі «жұмыссыз тұрған әр күнге 2 миллиард теңге дегенім – 250 мың қызметкер шектеулерге қарамастан, тамақ ішіп, адам сияқты өмір сүре алуы үшін керек сома» деді және «әр мекеме бизнесі құрдымға кетпеуі үшін жеткілікті қаржы бөлуге» шақырды.
Спикер Алматы қаласы бас санитар дәрігері енгізген шектеулерге тоқталды.
– Екі миллиард [теңге] – өте үлкен сома. Бекшин мырза (Алматының бас санитар дәрігері – Ред.) бизнесті осы ақшадан қағып отыр. Санитар дәрігер бизнесті шынымен шектейтін болса, онда бизнесмендердің жұмыс істемеген әр күніне осы сома берілуі тиіс. (…) Бизнес тек мемлекеттен қаржыландыру болса ғана аман қалады. Бұл мәселемен бәріміз күресейік, барлығын бизнестің иығына артып, оларды жалғыз қалдырмайық. (…) Қолдау болмаса, Бекшинге сұрақ: 250 мың адам локдаун кезінде не істеуі керек? Әрі қарай қалай өмір сүруі керек? – деген сауал тастады Барышев.
Оның айтуынша, Алматы кәсіпкерлері арасындағы сауалнамаға сәйкес, «қоғамдық тамақтану [бизнесінің] табысы он есе азайған». Респонденттердің 59 пайызының жалдау ақысын және коммуналдық төлемді төлеуге, 54,2 пайызының – жалақы төлеуге, 37 пайызының салық және басқа да төлемдерді төлеуге ақшасы жоқ.
– Корпоративтік салықты 10 сәуірге дейін төлеу керек, оған ақша жоқ, ал шектеу 12 сәуірге дейін енгізілді. Корпоративтік табыс салығын шегеру туралы жоспар да жоқ. Сұрақ: Бекшин шектеуді біреумен ақылдаса отырып енгізе ме, әлде өз бетімен шеше ме? Неге бір адам қала экономикасын құрдымға жіберуі керек? – деді Барышев.
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннен осы мәселе бойынша комментарий алу мүмкін болмады.
27 наурызда Бекшин Алматыдағы карантин шектеуін 12 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім шығарды. 21 наурыздан бастап енгізілген бұл шектеу қоғамдық тамақтану бизнесі өкілдерінің наразылығын туғызған.
Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда 27 наурызда Covid жұқтырғандар саны психологиялық межеден асып, 510 адамға жетті. Мұның алдында Жандарбек Бекшин ауруханаға күніне 500 адамнан артық түссе, қатаң локдаун енгізіледі деп мәлімдеген. 15 наурыздағы жағдай бойынша, қаладағы коронавирус науқастарына арналған ауруханадағы орындардың 40 пайызы бос емес. Қала инфекцияның таралу жылдамдығы бойынша ең қауіпті – қызыл аймақта тұр.