Алматы емханасында қайтыс болған әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр — Тосын жай
Алматының денсаулық сақтау басқармасындағылар жекеменшік емханада болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомстводағылардың хабарлауынша, науқас әйел қайтыс болған емхана мемлекеттік емес және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетпейді, яғни, емханадағы қызметтер ақылы.
«Бұл жағдайға қатысты қаланың ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Әйел жекеменшік емханада тіркеуде болған, ол жекеменшік перзентханада шұғыл шараларды қолға алу кезінде қайтыс болды, ол емхана әйел тіркеуде болған медициналық орталыққа қарайды», — делінген басқарманың хабарламасында.
Өлімнің себебін анықтап, тексеру жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылардың көмегімен материалдар Алматы қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне тапсырылды. Өз кезегінде Алматының денсаулық сақтау басқармасындағылар жан-жақты тексеру жүргізіп, өлімнің нақты себебін анықтау үшін қаладағы жетекші мамандарды тартуға барынша қолғабыс ететіндерін айтты.
Сонымен қатар, басқармадағылар жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметін бақылауға құқықтарының жоқ екенін айтты. Бұған Алматы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті құзырлы, оның құзыретіне мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың медициналық қызмет көрсетуін бақылау кіреді.
«Соңғы кездері жекеменшік медициналық орталықтар мен емханаларда сапасыз медициналық көмек көрсету жағдайларының жиілеуін есепке ала отырып, азаматтардан медициналық ұйымды таңдау кезінде мұқият болуды сұраймыз», — деді Алматының денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда жекеменшік емханада наркоз салынғаннан кейін 24 жастағы Ақбота Жалмұратованың қайтыс болғаны хабарланған еді. Ол жатырына ота жасатпақшы болған, алайда шымкенттік әйелдің жағдайы наркоз салынғаннан кейін күрт нашарлаған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқан, алайда аман алып қалу мүмкін болмапты.