Алматы бюджетіне өзгерістер енді
Республикалық бюджеттен Алматыға қосымша 10,8 млрд теңге бөлінді.
Алматы мәслихатының кезекті сессиясында қала бюджеті қайта қаралып, үнемделген қаражат маңызды бағыттарға қайта бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджетті нақтылау шеңберінде бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларға басымдық беру қарастырылған. Республикалық бюджеттен Алматыға қосымша 10,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат Абай даңғылын ұңғылауға, Рысқұлов пен Құлжа жолайрығының құрылысын аяқтауға, 2021 жылға таман метро стансасын пайдалануға беруге, электр пойыздарын сатып алуға бағытталады», — деді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеров.
Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырудан, шығындарды оңтайландырудан әжептәуір қаржы үнемделген. Бұл қаржы қала экономикасын инвестициялауға қайта салынады. Ал әлеуметтік салаға 611,7 млн теңге жұмсалады.
«Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қоолдауға қосымша 42,4 млн теңге, үйден оқытылып жатқан 676 мүгедек балаға материалдық көмек ретінде 6 млн теңге қарастырылады. Оқушылар қатарының көбеюіне байланысты 260 млн теңгеден аса қаржы мұғалімдер жалақысын көтеруге бөлінеді. Шаңырақ шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысына қосымша 528 млн теңге бөлінеді. Сонымен қатар, балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс 60 балаға артады. Оған 5,6 млн теңге қаралып отыр. 7-9 желтоқсан арасында шорт-трек бойынша әлем кубогын өткізуге 19,2 млн теңге жұмсалады», — деді қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеров.
Сонымен қатар, мәдени шараларды өткізуге 281,3 млн теңге бағытталады. Сессияға қатысқан депутаттар бюджет нақтылауын бірауыздан қолдады. Осылайша Алматы бюджеті 537,5 млрд теңге болмақ. Оның ішінде нақты бюджет — 434,6 млрд теңге.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!