Алматы әуежайында кітап сөресі пайда болды

0
77

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Ішкі рейстердің жолаушылары кітаптарды тегін алып, іссапардан немесе демалыстан қайтып келген соң тапсыра алады

АЛМАТЫ, 25 қыркүйек – Sputnik. Алматы халықаралық әуежайы «буккроссинг»қоғамдық қозғалысына қосылды. Sputnik Қазақстан сайты бұл идеяны қолдап, оннан астам кітап сыйлаған алғашқы БАҚ болды.

Буккроссингті интернет-технология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылдың наурыз айында іске қосты. Жолаушылар әуежайда кітап алып, ұшып келгеннен кейін қайтара алады. Сондай-ақ кез келген адам әуежай коллекциясын жеке кітапханасындағы туындылармен толықтыра алады.

Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі қозғалысқа қатысушылардың саны бір жарым миллион адамнан асты, ал олар тіркеген кітаптардың саны 13 миллионнан асқан.

Алматы халықаралық әуежайы идеяны қолдауға шешім қабылдап, ішкі ұшу залында шағын кітапхана ашты.  Sputnik Қазақстан сайты алғашқылардың бірі болып танымал авторлардың оннан астам кітабын тапсырды.

Әуежай әкімшілігі жақын арада буккроссинг қарқын алатынына сенімді.

«Неліктен кітап? Өйткені ол мәңгілік классика. Мұндай классиканы ешқандай смартфон, гаджет, электронды кітап алмастыра алмайды. Ұшқан кезде өзіңізге ұнаған кітапты ашып, оқи аласыз. Жағажайда немесе іссапарда жүргенде жалғастыруға болады. Менің ойымша, бұл керемет», – деді Sputnik Қазақстанға Алматы халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Наталья Соколова.

Әуежайға кітапты қайтару оңай. Демалыстан немесе іссапардан оралғанда, оны терминалдың кез келген ақпараттық бюросына қалдыра аласыз.

Sputnik Қазақстан Алматы әуежайын қолдауды ұйғарып, эстафетаны «Комсомольская правда Казахстан» газетінің редакциясындағы әріптестеріне тапсырды.



sputniknews.kz