Алматы әуежайында адамды шабаданмен алып өтпекші болған
Жол сандықтан шыққан жігітті тәртіп сақшылары ұстап алды.
23-қаңтар күні 20-26 жас аралығындағы бес қазақстандық «Әуежайдың қауіпсіздік қызметін штаттан тыс жағдайларға дайындығын тексеріп көрмек болған». Олардың ішінде көпшілікке аты белгілі, көлікті жолдың қарсы бағытымен жүргізгенді ұнататын Назар Роллан да бар, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Олардың бірі Астанаға қарай ұшатын Qazaq Air ә/к рейсіне тіркеліп жатып, «жүк» лентасына жол сөмкесін қояды. Оның салмағы тегін өткізілетін 23 келіден асып түскен. Агент жолаушыға жүкті екіге бөлуге немесе қосымша ақша төлеуді ұсынған. Осыдан кейін сыбайластар сөмкені Air Astana әуе компаниясы кассаларының жанына қойып, өздері шетке барып тұрады. Ал әлгі сөмкенің ішінен шығып келе жатқан қолды көрген кассир, дереу Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері мен ЖІІБ өкілдерін шақыртқан», — деді әуежайдағылар.
Жол сандықтан шыққан жігітті тәртіп сақшылары ұстап алды. Ал басқалары бұл мезетте болған жәйттың барлығын видеоға түсіріп тұрған. Бірақ, олар мұны ғаламторға салып, лайк жинап үлгерген жоқ. Хайпқа қатысы барлардың барлығы ұсталды, оның ішінде Астанаға ұшпақшы болғаны да рейстен түсірілді.
Әзілкештерге ӘҚБк 434-ші – ұсақ бұзақылық бабына сәйкес айып тағылып отыр. Аталған бап бойынша (20 АЕК – 50500 теңге) айыппұл немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік жолмен қамауға алу қарастырылған.
Назар Роллан 2018 жылы Әл-Фараби даңғылында көлікті қарсы жолақпен жүргізіп, оның видеосын Instagram-ға салған болатын.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/