«Алматы әуежайын басып алды» деген айыппен сотталған Әйгерім Төлеубайға белгілі азаматтар әсерлі жазба арнады

0

«Алматы әуежайын басып алды» деп айып тағылған Әйгерім Тілеужан 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда саяси белсендіні темір торға тоғытқан сот пен билікке наразылардың қарасы көбейді. Тіпті әлеуметтік желілерде бірқатар белгілі азаматтар әсерлі жазба қалдырды. Назарларыңызға сол жазбаларды ұсынамыз.

Мәжіліскерлер, сенаторлар!

Құрылтай құрғыштар!

Кеше ғана марапат сыйлыққа “шомылған” БАҚ қызметкерлері!

Жиындарда ата-бабамыздың “батыр болғанына” мақтанудан, сайлау кезінде “жеті саны қасиетті екенін” айтып ақталудан шаршамаған зиялы қауым! (әсіресе, Жазушылар Одағы)

Журналист Әйгерім Тілеужан мен оның қасындағы белсенді азаматтар «Алматы әуежайын басып алғаны үшін» 4 жылға сотталып жатыр. “20 мың терроршының” елді жаулап алғанына сенбеген халық қарашадай қыздың әуежайды басып алғанына да сенбейді.

Құрметтім, неге үндемейсіз?

Жоқ әлде «пәледен машайық қашыпты» деп отырсыз ба? Азаматтық ұстаным қайда? Намыс қайда?

Сіз кейінгі ұрпақ алдында қалай ақталмақсыз? Естімей қалыппын дейсіз бе, жоқ әлде елдің жағдайын кең ауқымда ойлағандықтан елдің аузын жабу немесе белсенділерді торға қамау сияқты мәселелерге ұсақ-түйек деп көңіл бөлмедік деп міңгірлейсіз бе?

Ұйқыға жатар кезде не ойлайсыз(дар) осы? — деп жазды Серік Абас-шах.

Дәл осылай Әйгерім үшін шырылдағандардың саны көбейіп жатыр.

Желтоқсан оқиғасының шындығын кеңестік кезеңнің құрсауынан шықпағанымызбен жасырып, өзімізді ақтап аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әйел базаршы болып бала-шағасын қиындықтан алып шыққанда еркек қазаншы болудан әрі аспадық. Ендігімізге не жорық?

Кешелі бері… Ел — ерге, ер жерге қараған күн болды. Осындай сезім биледі бойды. Азаматтар бар ма өзі біздің елде? Бармысыздар?

Мереке-мейрам күндері аспаннан “шұға” жауғанда ғана небір зиялылар мен кәсіби журналистердің барын білеміз. Сайлау өтердің алдында ғана депутаттыққа үміткер небір кандидаттардың барын білеміз. Ал кешелі-бергі “бесеудің сотына” қатысты сөзді олардан басқа — тек кез келген қазақ азаматы көптеп айтып жатыр. Шырылдап жанайқайын жеткізіп жатыр. Қарапайым халықтың жанына көбірек батты бұл. Неге әлгілер үнсіз? Күні кеше сайланған депутаттар неге жақ ашпайды? Әлде “қаңтар қырғынын” “ұйымдастырған” бесеу басқа ғаламшар тұрғыны ма?

“Әр қазақ — менің жалғызым” дейтініміз қайда, қаршадай қазақ қызы Әйгерім қазаққа жат болып па сонда? Мына айыптау тым ауыр және ұят.

Әйгерімді де, қалған төрт жігітті де қолдайық, бұл осындай ақылға қонымсыз әрі жүрек қабылдай қоймайтын істердің (мұндай іс жетеді) бүге-шігесіне дейін қайта қаралуын талап етейік. Атқамінер шенділердің де бұған көз жұмып қарауына жол жоқ, — деп Бекжан Тұрыс пікір білдірді.

Фото:  datnews.info