Алматы әкімі Сағынтаевты «Наймандардың бауырсағы» таңғалдырды: Біз сіздер үшін рецептін таптық (фото) — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда өткен Қазақстанның тауар өндірушілері көрмесінде шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев «найман бауырсақтарының» дәмін татып, мұндай тағамның барына, өзара бөлінетініне таңғалып, күлген еді. Қала басшысы ерекше бауырсақтардың атауын «есінде сақтап қалуға» да уәде берді. Ши бауырсақ — еліміздің шығыс өңірінде кең таралған, қытырлақ тағам. Сондықтан болар, «Найман бауырсағы» деп аталып кеткен. Stan.kz тілшісі алматылық аспаз Мақпал Нұрғалиевадан қала басшысын таңғалдырған бауырсақты даярлап беруін сұрап, өздеріңізбен бірге бөлісуді жөн көрді.

Айта кетсек, аталған көрме кезінде Бақытжан Сағынтаевқа «найман бауырсағын» ұсынған отандық кәсіпкерлердің бірі болды. Ондай бауырсақтың барын білмеген әкім сатушы келіншектен атауын  қайталап айтуын сұраған. 

Бұл бауырсақтың кәдімгі бауырсақтан басты айырмашылғы қамырға ашытқы қосылмайды. 

Ши бауырсақтың құрамы: 

Ұн — 500 гр.
Жұмыртқа —  4 дана
Сұйық май —  150 гр. (немесе тоң май)
Тұз — 10 гр.
Қант —  10 гр. 
Су — 200 гр.

Жоғарыда аталған қажетті қоспалардың барлығын нан илейміз. Су міндетті түрде салқын болуы керек. Әйтпесе қамырыңыз жұмсақ болып кетуі мүмкін. Ши бауырсақтың қамыры қаттырақ болып иленгені дұрыс. Сұйық майды тоң маймен алмастыруға да болады, бірақ тоң майдың дәмі қатты шығып кететінін ескеру қажет. Бұл бауырсақтың барынша қытырлап тұруына септігін тигізеді.

Қамырды тынығу үшін 1 сағатқа целлофонға орап қоямыз. Ескерте кететін бір жәйт, жарты сағат өткен соң пленкадан алып, қамырды екі-үш қайтара илеп, иінін қандырған жақсы.

Одан кейін қамырды екіге бөлеміз. Бір бөлігін оқтаумен жаямыз. Қатты жұқа болып кетпеуі қажет. Қалыңдыңы 6-7 мм болса жеткілікті.

Жайылған қамырды көлеміне қарай бірнеше жолаққа бөліп, жіңішке етіп тураймыз. 

Қамырдың екінші жартысын екі бөліп, екі шағын шеңбер ретінде жаямыз. Қалыңдығы 2 см болуы тиіс. Жайылған қамырды 7-8 жіңішке жолаққа бөлеміз. 

бауырсак

Сосын пышақпен майда бөліктерге бөліп, шанышқы мен үккіштің жүзіне басып, пішінге келтіреміз. 

бауырсак

Дайын болған ши бауырсақтарымызды қызып тұрған майға алтын түстес болғанша қуырамыз.

Ши бауырсақтар немесе «Найман бауырсақтары» дайын! Астарыңыз дәмді болсын!

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz