Алматы әкімі қаланың үздік педагогтарын марапаттады
Алматыда тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысының қолдауы арқасында 117 оқу орындары салынды. Тек соңғы бес жыл ішінде ғана мегаполисте білім саласын қаржыландыру 37%-ға өсті немесе 27 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың педагогтар қауымдастығымен кездесу кезінде айтты. Оның үстіне бүгінгі күні білім саласының инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Тек биылғы жылдың өзінде ғана құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына 17 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қаланың үздік педагогтарын салтанатты түрде ұлықтау барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру аясында білім және ғылым министрлігінің «Педагогтың мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңдардың жобаларын дайындағанын атап өтті.
Кездесуді пайдаланған қала басшысы білім саласы ұйымдарының барлық педагогтарын және қаланың ата-аналар қауымдастығын аталған заң жобаларын талқылауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Ең маңыздысы, Жобадан қазақстандық педагогтар өз жұмыстарының жоғары бағаға ие екенін, білім саласында туындаған барлық мәселелерге, оқушылар мен мұғалімдерге жете назар аударылатынын көрді. Сіздердің қаланың білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз өте жоғары, жауапты әрі қиындығы мол ұстаздық қызметтеріңізге алғыс айтамын. Оқушылардың түрлі білім сайыстарында биік жеңістерге жетуі әрі жеке кәсіби біліктілік жұмыстарыңыздың сапасын айқындай түседі», — деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері қарай жаңаша білім беруге кіріскен Алматы мұғалімдерінің 70%-ның жалақысы 30 пайызға өсті. Өз кезегінде 1 қыркүйектен бастап ұлттық кәсіби тестілеуден өткен 1293 мұғалім алғаш рет өздерінің қызметтік еңбекақысына 30 дан 50%-ға дейін қосымша ақы алатын болады.
Бұлардан өзге, мемлекет ағылшын тілін оқытатын мұғалімдерге қолдау көрсетуде. Міне, биыл екінші жыл физика, химия, биология мен информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге қызметтік жалақыларына қоса 200%-дық көлемде қосымша ақы төленеді.