Алматы әкімі қаланың қыс маусымына дайындығын тексерді

0
106

Қыс маусымына дайындық барысында қаланың коммуналдық қызметіне жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлар мен аула ішін жедел тазартуда ПИК-тердің жұмысын барынша күшейту қажеттігі ескертілді. Осы іске жауапты мердігерлік ұйымдардың жұмысын Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бақылайтын болады.

«Қаланы реконструкциялауға байланысты жаңарған даңғылдар мен көшелерде арнайы техника, оның ішінде көпфункционалды Pony машиналары, мини жүктиегіштер, жеңіл тракторлар жұмыс істейтін болады. Ал жұмысшылар төселген заттарға еш ақау түсірмейтін арнайы құралдарды пайдаланады», – дейді басқарма бастығы Әсет Масабаев.

Ол өзінің сөзінде қалада қардан тазартылатын жолдың жалпы көлемі 20 млн. м².екенін айтты. Көшелерді қыста 13 мердігерлік ұйым, 1285 арнайы техника бірлігі тазартады. Жол тазалайтын жұмысшылар санын 1700-ден 3200 адамға жеткізу жоспарланған.

«Аудандар бойынша өндірістік базалар құрылған, бұл қар тазалау жұмыстарын 1,5 есе жеделдетеді. Жұмысшылар дислокациясы жанына модульды контейнерлер қойылады, олар сол жерде киініп, жылынып, ыстық ас ішеді. Полиция және Құтқару қызметімен бірге эвакуатор кезекшілігі ұйымдастырылады және сыпыру-жинау техникалары қатар жүреді» дейді жауапты мамандар.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ