Алматы әкімі отставкаға кетуі мүмкін екенін айтты

0

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жемқорлық фактісі тіркелсе, заң бойынша әрекет ететінін жеткізді

Нұр-Сұлтан, 29 қараша – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қоластындағы қызметкерлер пара алғаны үшін ұсталса, отставкаға кетуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мұндай жағдайда қала әкімі заң бойынша әрекет етеді.

«Заңның аты заң. Оның нормасын жүзеге асыру керек. Құдай сақтасын, егер менің қоластымдағы қызметкерлер заңға тартылып, сотта дәлелденсе, сот үкім шығарса, мен заң аясында отставкаға кетуім қажет. Бірақ, президенттің айтуынша, заңдағы норма бойынша отскавкаға жіберу-жібермеу мәселесі мемлекет басшысының құзырында. Сондықтан мен заң бойынша әрекет етемін», — деді Бақытжан Сағынтаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға, конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін жоғарылатуға, кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

 



sputniknews.kz