Алматы әкімі бетперде тағуға қатысты пікір білдірді

0
179

Осы күндегі автобустардағы тәртіп бақыланып, кәсіпкерлік және өндірістік нысандарда санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтау жағы қатаң тексеріледі

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бетперде тағуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгінгі онлайн брифинг кезінде әкім аудандарды аралап, бетперде кимеген адамдармен сөйлескенін жеткізді. Сол кезде көбісі далада бетперде кимеуге де болатынын айтқан.

«Мен аудандарға шыққанда адамдарды көріп, бетперде кимеудің себебін сұрағанмын. Сонда «далада бетпердені тақпауға да болады, вирус жабыспайды» дейді, я болмаса, «ауырған адам ғана кисін» дей салады. Бірақ көбісі ауырып жүргенін де білмейді ғой. Себебі аурудың белгілері де жоқ. Біз ондай адамдарды скрининг кезінде анықтап жатамыз», – деді Сағынтаев бүгінгі онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрлігі қай жерде бетперде тағып жүру керек екенін айтты

Әкімнің айтуынша, бүгінде жұмыста, далада және қоғамдық көлікте бетперде кию керек. Автобустарда арнайы топтар тәртіпті бақылап жүреді.

«Қоғамдық көлікте жолаушылар форма киген адамды көрген бойда қалтасынан бетпердені шығарып, кие бастайды. Неге олай істейсіздер? Бетпердені киіп отыру керек қой. Оған қоса, автобуста адамдар арасындағы қашықтық көп емес. Қазір бетперде болмаса, автобусқа кіргізбейді. Мен сондай шешім қабылдадым», – деп атап көрсетті Сағынтаев.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлік және өндірістік нысандарда санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтау жағы да қатаң тексеріледі. Тәртіп бұзушылықтар болса, ондай нысандар жабылады.



sputniknews.kz