Алматы әкімдігі көліктер жылдамдығын азайту қажеттілігін түсіндірді
2018 жылғы 12 желтоқсан 19:06 37
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Facebook-тегі парақшасы арқылы қала жолдарындағы жылдамдық режімін өзгерту қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орташа есеппен әлемде жол-көлік оқиғасы салдарынан күн сайын 4 мың адам көз жұмады, 55-тен 137 мыңға жуық адам жарақат алып, мүгедек болып қалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, жол апаттарынан алған жарақаттар балалар мен 29 жасқа дейінгі жастар өлімінің негізгі себебі болып отыр. Жоғары жылдамдық — жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен мотоциклшілер үшін жарақат алу қаупінің негізгі факторы», — дейді Ерлан Әукенов.
Әкім орынбасарының атап өтуінше, осы жылдың 11 айында Алматы қаласында 4203 жол апаты тіркеліп, қаза тапқандардың саны — 121, зардап шеккендер 5 мың адамға жеткен.
«Өлім жағдайымен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының дені 60-80 км/сағат жоғары жылдамдық режімі енгізілген жолдарда (Әл-Фараби, Төле би, Райымбек, Рысқұлов, Сайын, Момышұлы, Шығыс айналма жолы және басқалар) тіркеледі. Әсіресе, Райымбек даңғылы (277 жол-көлік оқиғасы, 353 адам жарақат алды, 12 адам қаза болды), Рысқұлов даңғылы (147 жол-көлік оқиғасы, 217 адам жарақат алды, 11 адам ажал құшты), Солтүстік айналма жолы (147 жол апаты, 174 адам жарақат алды, 11 адам мерт болды), Момышұлы (105 жол апаты, 130 адам жарақат алды, 3 адам қаза болды), Сайын (80 жол-көлік оқиғасы, 91 адам жарақат алды, 4 адам ажал құшты), Әл-Фараби даңғылы (60 жол-көлік оқиғасы, 72 адам жарақаттанды, 4 адам көз жұмды) көшелерінде жол-көлік оқиғалары көбірек тіркелген», — дейді ол.
Ерлан Әукенов сондай-ақ, максималды жылдамдық төмендетілген бірқатар елдерде (Оңтүстік Африка, Бельгия, Финляндия, Франция, Ұлыбритания, Германия, АҚШ және Жаңа Зеландия) апаттардың саны азайғаны белгілі болғанын айтады.
«Мәселен, Минск қаласында бірнеше жылдар бойы басқа да шаралармен бірге, жылдамдықты азайту арқылы жол-көлік оқиғалары мен жарақаттарды 6 есеге азайтуға және қаланы Еуропаның ең қауіпсіз аймағына айналдыруға қол жеткізілген», — дейді ол.
Оның айтуына қарағанда, автокөліктердің жылдамдығы 30 км/сағ болған жағдайда жаяу жүргіншілердің 90 пайызының аман қалу мүмкіндігі бар.
«Көлік жүргізушілерінің теріс көзқарасына қарамастан, жылдамдық лимитін төмендету Алматыда жыл сайын жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға, мыңдаған адамның мүгедек болып қалуының алдын алауға мүмкіндік береді», — дейді ол.
Авторы Майя Теңізбаева
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz