Алматы әкімдігі белсенділерге митинг өткізуге рұқсат берді
25 маусымда азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Алматы қаласы әкімдігі бейбіт жиын өткізуге рұқсат бергенін хабарлады. Бұл туралы белсенді өзінің Facebook парақшасында жазды. Ильяшевтің сөзінше, жиын Алматыда митинг өткізуге рұқсат берілетін жалғыз орын — «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы саябақта 30 маусым күні 10.00-ден 12.00-ге дейін өтпек.
Алматы әкімдігі алдында Facebook қолданушыларының сұрақтарына тікелей эфирде жауап берген Ильяшев «Митинг тақырыбы мен талаптар туралы айтпай қоя тұрайық. Әзірге жиын өтетінін ғана хабарлап жатырмыз. Бұған дейін митингіге шығуға әзір екенін айтқан ұйымдармен, қозғалыстармен [тақырыбын] талқылаймыз» дейді.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қол қойған қаулыны белсенді өз парақшасында жариялады. Әкімдік 19 маусымда түскен белсендінің бейбіт жиын өткізу туралы шағымы «Қазақстанда бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңға сай мақұлданғаны жазылған. Қаулының орындалуын бақылауды Байбек өзінің орынбасары Арман Қырықбаевқа тапсырған.
Әлнұр Ильяшев бұған дейін Алматы қаласының ішкі саясат басқармасына қалада Ішкі істер министрлігін реформалау талабымен митинг өткізу туралы 32 рет өтініш түсірген. Бірақ басқарма түрлі себепті алға тартып, оның өтініштерінің бір де біріне рұқсат бермеген. Бұдан соң Ильяшев конституцияда кепілдік берілген митинг өткізу құқығы бұзылғанын айтып, ішкі саясат басқармасының үстінен сотқа шағымданған. Ол шағымында ішкі саясат басқармасының митинг өткізуге рұқсат бермеуін заңсыз деп тануды сұраған.
Былтыр қыркүйекте Алматы соты Әлнұр Ильяшевтің шағымын қанағаттандырмай тастаған.
Биыл маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында «елде бейбіт митинг өткізуге рұқсат беретін заң қабылданады» деген. Тоқаев «заңсыз митингілер наразылыққа шыққысы келмеген адамдарға кедергі келтіреді. Сондықтан наразылыққа шығып, өз ойын айтқысы келгендерге арналған заң қабылданады. Олар тиісті органдарға өтініш жазады және оларға жиналып, ойларын айтатын орын беріледі» деген еді.
Қазақстан заңына сай, азаматтар митинг, шеру немесе наразылық шарасын ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берген митингіні ғана заңды деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жиын өткізетін орынға рұқсат алу қиын
Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда «мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны» жазылған.
1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.
Осы заңның 11-бабында «әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы» деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер «митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын» айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.