Алматы әкімдігі 3D шоуыға 63 миллион теңге бөлген

0

Коронавирус індеті қатты өршіп, адамдар жақындарынан айырылып жатқан шақта астана әкімдігі қала күнінің құрметіне отшашу ұйымдастырса, Алматы әкімдігі 3D  жарық шоуына 63 миллион теңге құртқан. Бұл туралы  журналист Әсем Жапишева Youtube-тегі “Тіл кеспек жоқ” бағдарламасында хабарлады.

6 шілде күні астанада атылған отшашу күллі жұрттың ашу-ызасын тудырып, Алтай Көлгінов басқаратын қала әкімдігі сынға қалған. Оның жанында Алматыда 6 шілдедегі мереке елеусіз ғана өте шыққан. Оның үстіне қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың “тойлайтын уақыт емес әрі бюджетте де ақша жоқ” деп мәлімдеген соң, әлемжелідегі жұрт оны мақтай жөнелген.

Бірақ Әсем Жапишева мен  Youtube-тегі “За нами уже выехали”  арнасының авторы Дмитрий Дубровицкий Бақытжан Сағынтаев басқаратын әкімдік  Nur light 3D mapping show  атты шоуды өткізуге бюджеттің 63 миллион теңгесін жұмсағанын анықтады. Алматы әкімдігінің мәдениет басқармасы шілденің 2-сі күні “ВАРДИ Азия” атты ЖШС-мен бір көзден келісімшарт жасасқан. Яғни мәдениет басқармасы осы шоуды өткізу үшін тендер жарияламай-ақ, қызметті бірден бір көзден сатып ала салған. Келісімшарттың техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, Nur light 3D mapping show-да Н.Назарбаевтың өмір жолы визуалды контент түрінде көрсетілуі тиіс болған. Оның хронометражы – 7 минут. Бұл мереке 6 шілде күні Алматының ескі алаңында түрлі түсті 3D жарық шоуымен  аталып өтілген. Жарық шоуы ҚБТУ оқу орнының ғимаратында көрсетілуі тиіс болған.

Алайда бюджеттің 63 миллион теңгесі жұмсалған бұл шоуға бірде-бір көрермен шақырылмаған. Әсем Жапишева мен Дмитрий Дубровицкий сонша ақша бөлінген шоу шын мәнінде өтпеген тәрізді дейді. “Эпидемиологиялық ахуалға байланысты адамдар қатыса алмаған болса бұл ақымақтықты өткізудің қажеті бар ма еді? Бірақ біздікілер біз ойлағаннан асып түсті. Ақшаны шашып, шоуды өткізбеген болып шықты. Ал осы шоу бойынша есеп беруге арналған видеолар шамасы қолдан салынған бейнелер”, – дейді Әсем Жапишева “Тіл кеспек жоқ” бағдарламасында.

Әсем Жапишева мен Дмитрий Дубровицкий каналдарына жазылушылардың көмегімен Instagram-да әлгі шоу туралы видео жариялаған парақшаны тапқан. “Есеп беруге арналған видеолар компьютерде қолдан салынған бейнелерге ұқсайды” деген Жапишева соны анықтай алатын таныстарына видеоны көрсеткенін айтады. Бұл үшін әлгі есеп видеосын 2013 жылы дәл сол алаңда, ҚБТУ ғимаратында көрсетілген шоумен салыстырып шыққан.  “2013  жылғы видеода прожектордың сәулесі өзгеше әрі прожектордың өзі де көрінеді. Ал биыл өтті делінген видеода прожекторлар көрінбейді. Сәулелер бірдей, кемшіліксіз, прожектор сәулесі алдыңғы жақтан түсірілгенде ғана крінеді. Ал дронмен түсірілген кадрларда сәуле тіпті жоқ, өйткені камера қозғалыста болғанда сәулені қолмен салу анағұрлым қиын”, – дейді журналист Әсем Жапишева.

Ең бастысы, Жапишева мен Дубровицкий есеп беру видеосында жоқ жерден пайда болған отшашуға назар аударған. Ал 6 шілде күні Алматыда отшашу болмаған.

Журналистер әкімдіктің мәдениет басқармасынан бұл шоу туралы сұрағанымен, басқарма ол сұрақтарға әлі жауап бермеген.

Скриншот Instagram-дағы almalivekaz парақшасының видеосынан алынды