Алмат Сақатов, актер: Тұрсынбек Қабатовтың көретін ештеңесі жоқ

0

Індет кезінде халықтың еңсесі түспеуіне әдемі әзілдері, орамды ойлары арқылы септігін тигізген бір адам болса, ол – Алмат Сақатов. Ол өзі де карантин кезінде бір кісідей қиналғанын ашық айтады. Бүгінгі сұхбатта карантиннен кейінгі сабақ, әзіл-сықақ театрының жағдайы туралы сөз болды.

Бізді құртатын – «ұят болады» деген сөз

– Алмат аға, мына коронавирус індеті халықты титықтатып тастады. Ауру-сырқаудан аман-есенсіз бе? Қатаң карантин режимі сақталған кезде немен айналыстыңыз?

– Мен де елден қалмайын деп ауырдым. Алдын ала «мұншама адам ауырады екен» деп болжап тастап еді ғой. Соның санын толықтырдық. 20 күндей қызуым көтеріліп, емделдім. Жөтел қысты, екі аптадай дәм сезбей қалдым. Құдайға шүкір, тез есімді жиып алдым. Үйдегілердің бәрі ауырып шықты.

Осы індеттен туған-туыс, дос-жарандар арасында 5-6 адам бақилық болды. Жап-жас жігіттер кетті. Өз басым дер кезінде қолға алдым. Иммунитетті көтеретін дәрумендер қабылдадым. Ең бірінші анам ауырды. Сол баяғы құдалыққа барып жұқтырып келді. Бізді құртатын «Ұят болады» деген сөз.

Көзі кіртиіп отыр екен. Көлікке отырғыздым да, күндізгі стационарға ем алуға апарып жүріп, өзім ауырдым. Сол кезде көпқабатты үйде емес, жекеменшік жер үйде тұратыныма қуандым. Үлкен жері бар. Жер үйдің тіршілігі бітпейді ғой. Ауланы тазалап, гүл ектім. 20 жылдан бері жабық тұрған, бас сұқпаған қораға кіріп, ескі заттарды тауып алдым. Бәрін тазалап, балға мен шеге қоятын мүйіс жасадым. Өмірі шеге қақпаған адам не істемеді дейсің?! Мамыр айының аяғына дейін үйде қамалып отырған соң амал жоқ ермек тауып алады екенсің.

 Өнер адамдарына карантин қалай және қай жағынан әсер етті?

– Өзім қаңғыбас адаммын. Үйде отыра алмаймын. Бір жұма үйде болсам, он бес күн қаңғып кетуім мүмкін. Өйткені, жас кезімізден өмірдің кестесі солай құрылған. Үнемі гастролдік сапарда жүрдік. Енді ойлаңызшы, 3 айға жуық үйде отыру деген бұрын-соңды болған емес. Арасында жындана бастадым. Қайда сиярымды білмей кеттім. Өзің жынданғаның былай тұрсын, жаныңдағыларға тиісесің.

«Таз ашуын тырнадан алады» демекші, әйеліме тиісе бастадым. «Мынау неге былай? Тамағың неге дәмсіз?» деген әңгіме айтылады арасында. Сөйтіп жүріп бала-шағаның да мазасын алып қоясың. Кейін тұра салып, далаға шығып кететін болдым. Далада да қашанғы жүресің? Содан сәуірде немерем өмірге келіп, бәрі өзгеріп сала берді. Бәріміз соның асты-үстіне түстік. Ішім пысып, «Терезеден телміріп» деген бейнежазбамды түсірдім.

Енді не істеймін? Ел-жұрттың кеудесіне үміт сыйлағым келді. Мен сияқты жындануға шақ қалған азаматтарға ой салсам дедім. Қазір «Терезеге телміріп» деген атын алып тастадым. Өйткені, жекеме 40 жастың о жақ бұ жағындағы бір жігіт: «Бір бөлмелі пәтерде 3 баламен тұрамыз. Әйелім екеуміз де жұмыссыз қалдық. Сіздің «Терезеге телміріп» деп аталатын бейнежазбаңызды көріп, ұнжырғамыз одан әрі түсіп кетеді. Біз расында да терезеге телміріп отырмыз. Сіз жекеменшік үйде тұрасыз, өміріңіз мүлдем басқа ғой…» деп жазды. Содан мекенжайын сұрап, 10 мың теңгемді және азын-аулақ азық-түлік алып әлгі жігіттің үйіне бардым. Шынында да, сондай жағдайда өмір сүреді екен. «Жарайды, бауырым, дәл қазір қиын жағдайда өмір сүріп жатқандар көп шығар. Енді олай шығармаймын» дедім. Қазір бейнежазбаларыма ат қойып, айдар тақпай-ақ әлеуметтік желіге салып жүрмін.

  Карантин кезінде ажырасып кеткендер көп екен. Бұл жағынан тыңдаушыңызды шыдамдылыққа шақырып, ақыл-кеңес бермедіңіз бе?

– Бұл – Алланың бізге берген сынағы. Әсіресе, жастар арасында ажырасу көбейді дегенді естідім. 40-50 жастан асқандар көп ажыраспайды ғой. Бір сөзімде айтып едім. Біздің 50-ден асқан буын бір нәрсе сынса, соны жөндеп, әрі қарай өмір сүре береді.

Қазіргі жастар жөндеуді білмейді, тек ауыстыруды біледі. Ұрыс-керіс болса, әйелін де тезірек айырбастап жіберуге дайын тұрады. Оның ортасында жылап бала қалады. Әрине, ауыр жайдай болды. Қазақ «Үмітсіз шайтан» деп неге айтқан? Өйткені, шайтанда үміт жоқ. Оған Алла тағала үміт бермейді. Ең жаман нәрсе, өмірде үміттің болмауы.

Ертең не болатынын білмейміз. Мысалы, бізге «екі айдан кейін бәрі жақсы болады» десе, өзімізге басу айтып «енді екі ай бірдеңе қылып шыдайық» дейтін едік. Ал бір ай, одан кейін екінші ай жалғаса берсе, расында да адам психологиялық тұрғыдан мүжіле береді. Өйткені, балаңа «екі айдан кейін сабаққа барасың», әйеліңе «бір кісіден қарыз алдым, жұмысқа шыққан соң қайтарып берем» деп айта алмайсың. Өз басым ақша таба алмай қатты қиналған 2-3 отбасыны көрдім. Көшеде ұрысып жатқан ерлі-зайыптыларды көрдім. Жұмыстан шығып қалып, ертеңгі болашағын бұлыңғыр елестеткен азаматтарды көрдім. Адамның бойына сенімсіздік пайда болды. Бұл – өте қиын нәрсе.

Тұрсынбек Қабатовтан басқа актер жоқ па?!

–  Екі-үш ай үйде жатқанда телеарнадан сүйсініп көретін дүние таба алдыңыз ба?

–  Өзім қазақ телеарналарын көрмеймін. Коронавирус кезінде ең алдымен жаңалықты тыңдадық. Бұрын мүлдем қарамайтын едім. Жаңалық тарататын телеарналардың рейтингі көтерілді. «Хабар24», «Мир24» телеарнасының көрерменіне айналдым. Кешкісін шешем телесериалдар көреді.

Шын мәнінде, көретін ештеңе жоқ. Таңнан кешке дейін Тұрсынбек Қабатовты айналдырып қоя береді. Оның маған беретін ештеңесі жоқ. Біріншіден, олар бізден кейін шыққан шәкірттер. Екіншіден, шығармашылығында жаңалық беретін дәнеңе жоқ. Бұл – біздің телеарналардың кемшілігі.

Біреу шықса, соны төпей береміз. Қабатов шығып еді, одан басқа театр, одан басқа актер, одан басқа жүргізуші жоқ сияқты. «Ұра берсең Құдай да өледі» деп қазақ қатты айтқан ғой. Оған да обал емес пе?

Бұған Қабатов кінәлі емес шығар. Ол компьютер емес, адам ғой. Кейде «мына бала рейтинг үшін жұмыс істеп, өлетін болды ғой» деп аяп кетемін. Оның орнына Ресейдің «Уральсие пельмени» бағдарламасын тамашалаймын. Өйткені, олардан ойын көрем, ой көрем, өзіме түйетін нәрсе аламын. «Сахнаның қойылымын былай жасаса болады екен ғой» деген идея келеді. Ал жалпы, әзілкештердің ішінде Нұржан Төлендиевтің ойыны ұнайды. Актер ретінде риза боламын. Образ жасайды. Өзіне жүктелген әр рөлді сәтті алып шығады. Өйткені, көрермен сияқты емес, актерлік көзбен сынаушы ретінде қараймын. Одан бөлек ретро, тарихи сериалдарды қарадым.

 Жалпы, қазір әзіл-сықақ театрларының халі нешік? Өзіңіз сахнаны сағынған жоқсыз ба?

– Біз сол «Бауыржан-шоудың» құрамындамыз. Қазір Баукең театрды жылы жауып қойды. Бәріміз жан-жаққа кеттік. Әр адам өз ұжымымен жұмыс істегісі келеді. Артына із қалдырсам дейді. Өзім екі жыл бұрын «Керемет» деген театр ұжымын құрдым. Әзіл-сықақ фестивальдеріне қатысып, әжептәуір көрініп жүр еді, қазір тоқтап қалды. Көрермен жоқ болса, кімге қоямыз? «Бауыржан-шоудың» мерейтойлық концертіне, Ақтөбедегі «Айтқыштар», «Бурабай-фест», «Ду-думан» фестивальдерінде өнер көрсетті. Осылайша, ақырындап шәкірт тәрбиелеп жатырмын.

Қазір қай театрдың жағдайы жетісіп тұр? Тек қана мемлекеттен дотация алатын театрлар ғана жақсы жұмыс істеуде. Жас театрдың бәрі сүріне-қабына етегінен демалып әрең жүр.

Мәселен, Уәлибек Әбдірайымовтың «Шаншар» театрын Түркістан облысы асырап отыр. «Алдараспан» театры да тәуір дүниелермен шығып жүр. Ал жекеменшік театрлар ақшаны концерттен ғана табады. Қазір жағдай болса мынау. Бірақ үйде отырып, материалын жасап, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, кішігірім онлайн әзіл концерт беріп жүргендер бар. Негізі театрдың көбі азусыз. Саясатты аз айтады, биліктің қателігін айтпайды.

Тұрсынбектің әзілдері күлгенге жақсы. Бірақ тез ұмытылып кетеді. Елдің есінде қалатын дүние айтылу керек. Ақшаны күреп тауып жүрген жігіттің бірі ғой. «Ақша – қолдың кірі». Сондықтан да елдің есінде қалатын әзілдерді жарқ еткізсе деймін.

Мемлекет маған 42 500 теңгені бермеді

 Дәл қазір отбасын қалай асырап жүрсіз?

– Қазір жұмыссызбын. Біріншіден, достарым көмектесіп жатыр. Неге екенін білмеймін, әлгі 42 500 теңгені де мемлекет маған берген жоқ. Екі-үш рет сұрадым. Үйде әйелім, қызым алды. Маған берген жоқ. Өзімді сорлы адамдай сезіндім. Әрине, ол ақшаға қарап отырған жоқпыз, бірақ расында да, наурыз-сәуір айында көлікке жанармай құятын ақша таппай қалдық. Шешемнің зейнетақысы бар. Одан бөлек екі-үш фильмге түскен қаламақымды алдым.

 Өнерге беретініңізді беріп, алатыныңызды алып болдыңыз ба?

– Жоқ. Өнердің бір кереметі – менде сахна да, кино да бар. Бұл жерде зейнет жасы деген жоқ. Әзірше орта жастағы жігіт ағасының рөлін, қартайғанда шалдың рөлін сомдаймын. Менің өмірім алда. Әлі талай-талай мықты киноларға түсемін. Қазір басыма ми кіріп, ойланып, «енді мықты рөлдерде ойнасам ғой» деген арман пайда болып жатыр. Есі дұрыс актер «болдым, толдым» демеуі керек. Актер – өмір бойы сахнада жүруді армандауы қажет. Алла тағала денсаулық берсе, сахнадан түспеймін деп ойлаймын.

 «Бауыржан шоуды» құрған Бауыржан Ибрагимовпен қарым-қатынасыңыз қалай? Көрермен сіздерді сағынып жүрген жоқ па?

– Сөйлесіп тұрамын. Баукең қазір елордада тұрады. Мерейтойлық концертке қатыстық. Халық іздейді, сұрайды. Бірақ көрермен бұрынғыдай қабылдамайды. Өйткені, жасымыз ұлғайды, қартайып барамыз. Баяғыдай сахнада шошаңдаған образ жасамаймыз. Ал халыққа сенің бұрынғы ойының керек.

Айталық, осыдан 30 жыл бұрын сатып алған «Жигули» көлігі кезінде жақсы жүріп тұрды. Оны қораға кіргізіп қойып, пәлен жылдан кейін оталдырайын десе, оталмайды. Міне, біз тура сол сияқтымыз.

Яғни, бізден«Бауыржан-шоудың» бұрынғы ойынын көреміз деп үміттенуге болмайды. Біз халыққа ұнайтын әзілді қазіргі кездің креативін қолданып, бұрынғы кездің мағынасымен алып шығуымыз керек. Ол үшін дайындалып, өзімізден кейінгі жастардың материалдарымен танысып, сараптап, авторларға жаздыруымыз қажет. Қазір халық бұрынғыдай қою «тамақты» жей алмайды. Күнделікті жеңіл, қарапайым нәрсені жұтып, соған мәз болып үйренген. Ал сахнаға ойландыратын астарлы дүние қойсаң,  «уланып» қалуы мүмкін.

 Қазір қандай фильмге, не телесериалға түсіп жүрсіз?

– «Almaty» телеарнасынан 2 қарашадан бастап көрсетілетін «Өткінші жаңбыр» телесериалына түсіп болдық. Бұл – үйде отырып қалған әйелдердің өмірі жайында. Әйелдің де қолынан көп нәрсе келетінін, бірақ ер азаматтардың оған сенімсіздік тудыратынын идея арқауына айналдырған телесериал. Өзіме ұнады. Кәдімгі бай, дәулетті отбасының өмірі. Әйелі төрт бала тауып, сонымен өмірі өтіп бара жатқандай көрінеді.

Бірде күйеуі әйелін алып, кәсіпкер бір әйелдің үйіне қонаққа барып: «Сіз кереметсіз, отбасыңа да, бала-шағаңа да көңіл бөліп, үлгеріп жүрсің. Бүгінгінің әйелдері сен сияқты болу керек» деп тілек айтады. Еркек кейде ақымақ қой. Содан әйелі ойлана келе «Мен жұмыс істеймін» дейді. Күйеуі рұқсат бермей, ақыры көнеді. Сөйтсе, шынында да әйелінің қолынан талай шаруа келеді екен. Күйеуі өз әйелінің аяғынан шала бастайды. Оқиғаның қысқаша желісі осындай.

 

«Өткінші жаңбыр» телесериалына түсу алаңынан

Яғни, сахнада жүрмін. Өнерден кетпеймін. Бірақ әзілсіз өмір сүре алмаймын. Әлеуметтік желіге әзіл-шыны аралас дүниелерді салатыным сондықтан. Шақырса, барлық рөлде ойнаймын. Қаламақы бізде көп емес. Шүкіршілік. Бірақ дәл қазір «бай таңдайтын заман емес». Әкем: «Сенің бағаң 100 теңге болса, 99 теңгеге жұмыс істеме, себебі сен біреудің құлы емессің. 101 теңгене жұмыс істеме, сен ұры емессің. Сондықтан өз бағаң, өз ақшаң болады. Соны алуға тырыс» дейтін.

 Оқырманыңыз көбейіп, жарнама берушілер көбейген шығар? 

– Жарнама берейік деген ешкім жоқ. Баласының еміне ақша сұраушы мұқтаж жандарды салып тұрамын. Әзірге Инстаграм арқылы ақша тауып жатқан жоқпын.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 

nege.kz