Алмас інімізді айуандықпен өлтірді
Өткен аптаның жұмасы біздің әулетіміз үшін аса ауыр, қаралы күн болды! «Алмас қайтыс болды» деген суық хабарды естігенде төбемізден жай түскендей сезіндік!
Амал қанша, барша туыстар Талдықорған қаласына жиылып, көзімізден жасымыз сорғалап жүріп бауырымызды жер қойнына тапсырдық! Артында аңырап анасы, еңсесі езіліп әкесі, жүрегі қан жылаған ағасы мен адал жары, үш баласы қалды! Небәрі 44 жаста болатын.
Алмас менің әкемнің үлкен ағасы Қанапия атамыздың немересі еді. «Аға» деп аңқылдап жүретін кішіпейіл інімнің қазасы маған өте ауыр тиді! Сол күннен бері «Неге?» «Не үшін?» деген сұрақтар жатсам-тұрсам ойымнан кетер емес.
Ата-анасының айтуынша, шеруге шықпаган. Тек көкөніс сататын дүкенін тексеріп қайтып келе жатқан жолда келін екеуін полицейлер тоқтатады. Келінді сол жерге қалдырады да, Алмасты алып кетеді. Содан бастап ол жоқ болады. Ата-анасы 5 күн бойы іздейді, ақыры мәйітханадан табады.
Өзінің шағын кәсібімен айналысып, бала-шағасын асырап жүрген ініміздің ешқандай жазығы жоқ еді ғой. Соны біле тұра құқық қорғаушы жендеттердің соншалықты айуандық танытып, соққыға жыққанын немен түсіндіруге болады? Оларға бұйрық берген кім?..
Кеше Алмастың анасы Әлия жеңгеммен хабарластым. Хал-ахуалдарын сұрадым. «Қайтеміз енді, тірі адам тіршілігін істейді ғой. Прокурорға бардым. Кінәлі адамдарды анықтап, жауапкершілікке тартуды өтініп, арыз жаздым» — деді жеңгем. «Иә, артынан іздеушісі жоқ екен демесін. Солай істегендерің дұрыс қой», — дедім мен де жеңгемді қостап, сол кінәлілердің мүлде табылмайтынын іштей сезіп тұрсам да.
Адам құқы, әділдік, шындык, адамгершілік тәрізді киелі ұғымдарды түбегейлі жоққа шығарған бұл қоғамға осыдан соң қайтіп ішің жылиды?! Жазықсыз інімізді ешқандай тергеп-тексерусіз азаптап өлтірген айуандарды қарғыс атсын!