«Алланың жіберген елшісісің»: Димаштың тыңдармандары әншіге жүрек тебірентер видео жолдады (видео) — Қазақстан жаңалықтары

0

Ерекше дауысымен дүние жүзін бағындырып келе жатқан Димаш Құдайбергенге деген халықтың ықыласы ерекше, махаббаты шексіз. Димаш дегенде ішкен асын жерге қойып, әншіге әркез қолдау көрсетуге дайын отандастарымыздың саны аз емес. Солардың бірі —  өнер иесінің әр жетістігіне жан-жүрегімен қуанатын алматылық Dears. Олардың күндіз-түні тілейтіні — Димаштың Санкт-Петербург және Нью-Йорк қалаларында жоспарланған концерттерінің жақсы өтуі.

Stan.kz ақпарат агенттігінің редакциясы өнер иесіне алдағы концерттеріне сәттілік, шығармашылығына шабыт тілей отырып, жанкүйерлермен бірге түсірген махаббатқа толы видеоны назарыңызға ұсынады. 

Дүние жүзіндегі мыңдаған жанкүйерлерін есептемегенде, Димаш Құдайбергеннің өнерін жақсы көрмейтін қазақстандық кемде-кем. Еңбектеген сәбиден бастап, қаусыраған қарияға дейін барлығы Қазақстанның атын жаңғыртып жүрген әншіге дән риза. 

«Қазақтың маңдайына біткен, жалғыз, дана, дара тұлғасың. Сенің әндерің біздің жүрегімізде өте жоғары тебіреніс табады. Тек қана қазақ халқының емес, көптеген дүние жүзінің халықтары өзіңнің әндеріңнен мол күш-қуат алады. Сенің әндерің, сенің дауысың, көптеген адамдарға шипа, ем. Сен бізге Алланың берген өте жоғары елшісісің. Сенің дарындылығың елдерді біріктіріп, татуластырады. Тіпті, бір-бірін танымайтын адамдар сенің арқаңда мәңгі досқа айналады», — дейді әншінің жанкүйері Айман Исенова.

Оның сөзін жалғап, тілекке тілек қосқан жанкүйер Әйгерім Алтайқызы: «Дана жігіт Димаш, біз сені әрқашан қолдаймыз. Әрқашан сенімен біргеміз», — деп қолдау көрсететінін жеткізді.

Тағы да бір алматылық dears өнер иесінің балаларға деген махаббатына сүйсініп, мәрттік танытқан кезін есіне алды. «Игі істер Димаштан басталады. Димаш The World’s best жобасында жас балалармен сайысқа түспей, ерлік көрсетті, — деді Дария Қожахметова. 

Алина Әбдірахманова әншінің әдемі дауысы ел жадында мәңгі қалатынына еш күмәнданбайды. «Мәңгілік дауыс иесі Димаш. Оның дауысы ғасырлар бойы ел жадында сақталып қалады. Біздің саған деген махаббатымыз шексіз», — деді бойжеткен. 

Өнер иесінің бойындағы қасиеттер жанкүйерлердің де оған деген құрметінің бір себебі болып, ыстық сезіміне бастау береді десек, қателеспейміз. «Ақпейілді де ақылды, біздің Димаш. Оның үлкен-кішіге қарамай, әркімге ізгі ниетімен, үлкен құрметімен қарай білетіні жайлы сөз қозғамау мүмкін емес», — дейді Айжан Құлжан.

Димаш Құдайбергеннің әндері ерекше күйге бөлеп, қуаттандыратыны жайлы айтылар әңгіме таусылмас. Әншінің жетістіктері әр адамда биікке ұмтылуға, шыңдарды бағындыруға шабыттандырады. Шолпан Құлжанның  айтуы бойынша, жастар Димаш Құдайбергендей болуға ұмтылып, Қазақстанның атын шығаруға талпынуы керек.

«Шабыттандырушы, рух беруші, Димаш. Әрқашан біздің жүрегімізде. Жиырма бірінші ғасырда Димаштай жастар болмаса, біздің Қазақстанның атын кім шығарады?»— дейді ол. 

Жанкүйерлердің әнші алдына қойған мақсатының барлығына жетсе екен деген ізгі тілегі бар. «Сенің өнерің біздің жүрегімізде. Өнерің өрге жүзсе, біздің де жетістікке жеткеніміз деп білемін», — дейді Гүлжан Дүйсенбай. 

Алматылық жанкүйерлер Димашқа жақын арада Санкт-Петербург және Нью-Йорк қаласында өтетін концерттеріне сәттілік тілеп, Алматыдағы концертін тағатсыздана күтетінін айтты. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
 

stan.kz