Әлімжан Ізбасаровты полиция көшеден ұстап алып кетпек болды

0

24 мамырда Нұр-Сұлтандағы Ақмешіт көшесінің бойынан бірнеше полиция қызметкері және әскери комиссариат өкілі жас белсенді Әлімжан Ізбасаровты полиция департаментіне алып кетпекші болды. Белсендінің жанында ата-анасы мен туыстары болды.

Әлімжан Ізбасаровтың Азаттыққа айтуынша танысының үйінен шығып, неміс журналистерімен кездесуге кетіп бара жатқан жерінен оны әскери киімдегі адам мен полиция тоқтатқан.

— Маған бірден «Әлімжан Ізбасаров, біз сені әскери комиссариатқа алып кетеміз, сен әскерден қашып жүрсің бе» деп сұрады. Мен 30 мамырға шақыру алғанымды, баратынымды айттым. Телефонымды шығарып, видеоға түсіре бастасымен олардың дауыс ырғағы өзгеріп кетті, — деді ол.

Бұл оқиғаға Азаттық тілшісі де куә болды. Есіл аудандық әскерге шақыру бөлімінің бастығы аға сержант Мұрат Жүнісовтің сөзінше, заң бойынша әрбір әскерге шақырылған азамат шақырту қағазына өзі қол қойып алуы тиіс.

— Оның 2017 жылғы жеке құжатында шетелде оқитыны жазылған. Егер ол оқу орнында оқып жатқан студент болса, әскерге шақыру кейінге қалады. Сол себепті бұған дейін оны мазаламадық, — деді ол.

Мұрат Жүнісов оған шақыру қағазын беріп, оған Ізбасаров қол қойып алды. Содан соң туыстарымен кетпекші болып жатқан Ізбасаровқа жол патрульдік тобы келіп, оны полиция департаментіне апарулары қажет екенін айтты.

— Бізге бұйрық келіп түсті. Жүріңіз бізбен бірге, заң атынан сұраймыз,- деді өзінің аты-жөнін айтпаған полиция қызметкері.

Бірақ туыстары мен Әлімжан Ізбасаровты шақырту қағазынсыз ешқайда алып кете алмайтынын айтып, наразылық танытқан соң олар кетіп қалды. Белсенді 23 мамыр күні Алматы аудандық әскери бөлімнен тағы бір шақырту қағазын алған.

Әлімжан Ізбасаров — 1 мамыр күні наразылыққа шығып, әуелі «құқық қорғау орган өкіліне бағынбады» деген айыппен бес күнге қамалған еді. Артынша «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін оған он күн қосылған. Белсенді қамаудан шыққан соң да түрлі жиындарға қатысқан. 22 мамырда астанада белсенділер ұйымдастырған бейбіт жиын өткізу құқығын талқылау шарасында Ізбасаров «1 мамыр халықтың өз қорқынышын жеңген күн болды. Бастау жасалды. Біз, жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз да қосылады» деген еді.

Бұған дейін 17 мамырда Алматы марафоны кезінде сайлау туралы «Шындықтан құтыла алмайсың» деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбеков әскерге кеткен. Белсенді борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз ескерілмегенін айтқан.

6 мамырда Оралдағы орталық алаңға жазуы жоқ таза плакатпен шыққан азаматтық белсенді Аслан Сагутдинов те алаңға шыққан бірнеше күннен соң әскерге шақырту алған. Бірақ 19 мамырда Қазақстан қорғаныс министрлігі белсенді Сагутдиновті «аневризм» диагнозына байланысты әскерге жарамсыз деп таныған.

Azattyq