Әлия Назарбаеваға қатысты іс халықаралық соттарға жетті
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5364-905x500.png)
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тағылған рейдерлік айыптар бойынша материалдар Ұлыбритания мен Швейцарияға жіберілді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Elmedia-ға берген сұхбатында, Әлия Назарбаеваның жылдар бойы Ұлыбритания мен Швейцарияда қомақты мүлік пен активтер жинағанын айтты. Оның айтуынша, бұл қаражат элиталық жылжымайтын мүлік пен басқа да активтерді сатып алуға жұмсалған.
Швейцарияға жіберілген құжат елдің Бас прокуроры Стефан Блаттлердің атына жолданған. Онда Ұлыбритания мен Швейцария билігі бұл істі тергеуге құзыретті екені көрсетілген. Қазақстандық кәсіпкерлер тергеу органдарына бірнеше рет жүгінгенімен, ешқандай нәтиже ала алмағанын айтады. Олардың өтініштері жауапсыз қалғандықтан, олар халықаралық соттарға жүгінуге мәжбүр.
Кәсіпкерлердің мақсаты – Әлия Назарбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғау және бұл талаптарының негізді екенін дәлелдеу. Қазақстанның Бас прокуратурасынан алынған барлық жауаптар нотариалды аударылып, дәлелдемелермен бірге шетелдік органдарға жіберілді.
Кәсіпкердің айтуынша, АҚШ тергеу органдары да бұл іске назар аударып отыр. Бұған дейін олар жіберген өтінішке АҚШ тергеу органдарынан жауап келген. Билік ауысуына байланысты тергеу кейінге шегерілгенімен, бұл іс бақылауда тұр және жақын арада қаралатыны айтылған.
Бимурзиннің айтуынша, АҚШ-тағы жаңа әкімшілік бизнес-элиталардың ашықтығына баса мән беруде. Сонымен қатар, ол барлық өтініштердің экс-президенттер мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өміріне қатысты мәліметтерді жарияламау туралы заң күшіне енгенге дейін жіберілгенін атап өтті. Бұл заң болашақта осындай тергеулердің ашықтығына әсер етуі мүмкін. Енді кәсіпкерлер Ұлыбритания, Швейцария және АҚШ-тағы тергеу амалдарынан әділдік күтуде.