“Әлихан Смайыловтың үкіметі әлсіз еді” — депутат экс-Премьер Министрдің кандидатурасына неге қарсы болғанын айтты
Депутат Бақытжан Базарбек экс-Премьер Министр Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсылық білдірген азаматтардың бірі болатын. Оның нақты себебін депутат QASQA JOL YouTube-арнасына берген сұхбатында айтып берді.
«Смайыловтың кандидатурасын бекіткен кезде ресми алты адам қарсылық білдірді. Соның төртеуі партиядан болса, қалғаны мен және Ермұрат Бәпи. Оның себебі бар. Менің ойымша, жер реформасын Үкімет аяғына дейін жеткізе алмады. Өйткені жерге байланысты өзекті мәселе өте көп. Құрылыс, жер саласында жемқорлық белең алып кетті. Үлескерлер пайызсыз қалды, олардың мәселесі шешілген жоқ. 3,5 миллион адам 10 сотық жерге кезекте тұр. Олардың оны қашан, қалай алатыны белгісіз. Қалада үйлер тығыз салынған. Өкінішке қарай, оны шешетін ешкім жоқ. Үкіметтің баяу іс-әрекеттерінен депутат ретінде алғашқы қабылдаған шешімім — Әлихан Смайыловқа қарсылық білдіру болды. Мені әріптестерім түсінбей қалды. Бірінші шешімім осындай үзілді-кесілді сыни болғаны қызық болды. Шыны керек, бұл — менің жеке позициям. Әлихан Смайыловтың Үкіметі әлсіз еді. Мемлекеттік бағдарлама аясында өзекті сұрақ көп болды, оның ешбіріне жауап болған жоқ. Осының бәрі Үкіметтің отставкаға кетуіне әкелді», — деді ол.
фото: baq.kz