Әлихан Бөкейханов және Елдос Омарұлы шығармаларының жинағы таныстырылды

0

Мұқабасында Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханның суреті бейнеленген кітапты парақтай отырып, осы бір жолдарға назар салдық. Ел азаттығын аңсаған тұлғаның қоғамдық-саяси өміріндегі жазбалары  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «АЛАШ» ғылыми-зерттеу институты мамандарымен дайындалған 15 томдық шығармалар және тұлғалық энциклопедиялық жинағына топтастырылыпты.

Әлихан Бөкейханның әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мақалалары, ғылыми зерттеулері, 1897-1901 жылдардағы  Қазақ облыстарын зерттеген «Щербина экспедициясының» материалдары, Л.Н. Толстой шығармаларынан аударған әңгімелері, өтініштері, хаттары және хаттамалары, сондай-ақ баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, азанамасы (некролог), корреспонденциялар, жеделхаттар, сөйлеген сөздері, әдеби сын, фольклорлық зерттеу, ашық хаттары, саяси сатиралары, әңгімелері, фельетондары,  архив құжаттары, монографиялары, тарихи-анықтамалық очерктер, естелік, саяси шолу, үндеу, Мемлекеттік Думадан, Батыс майданнан берген хаттары, Алашорданың, Бүкілресейлік уақытша үкіметтің заңнамалық қаулылары, т.б. ресми құжаттарын жинақауға байланысты жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысын осы басылымның мазмұнынан аңғарамыз.

Осы шара аясында сонымен қатар Елдос Омарұлы туралы ІІІ томдықтың да таныстырылымы өтті. Алаш арысы, қоғам қайраткерiнің ғалым (лингвист және математик), публицист және аудармашылығы хақындағы құнды дүниелері жинақталған бұл еңбекке қатысты Уахит Шалекенов, Сұлтан Аққұлы, Мәмбет Қойгелді, Зиябек Қабылдинов, Ахмет Тоқтабай, Сайым Борбасов, т.б. ғалымдар тұщымды пікірлерін білдіріп, ел тәуелсіздігі жолында күрескен ұлт қайраткерлерінің саналы түрде құрбандыққа баруы ұлы ерлікке пара-пар, деді. Ұлттың теңдігі үшін, елі мен жері үшін үлкен күрес майданына түскен алаш ұлдарының ерлік ісі қазақ тарихының қорына алтын әріптермен жазылып қана қоймай, болашақ ұрпақтың ел тәуелсіздігін сақтап, нығайтуы жолындағы мақсат-мүдделеріне зор серпін беретіні сөзсіз.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/