«Алғыс айту» күнінің мәні мен мағынасын жойып алдық

0
539

Мысалы Ұстаздар күні бар. Ол күні біз бізді мектепте, ЖОО-да оқытқан ұстаздарымызға алғыс айтып, құттықтап жатамыз. Нақты. Құттықтайтын объект белгілі, ол аяулы да ардақты ұстаздар қауымы. Мақсаты әріп үйретіп, неандерталь миымызды хомосапиенс деңгейіне жеткізген жандарға құрмет көрсету. Әдемі мереке. Енді осы күннің мәнін біреу бұрмалап, «ұстаз деген кең ауқым, ең бірінші ұстаз ол — өмір», «менің ұстазым маған тәлім-тәрбие берген әке-шешем, өмірлік ұстаздарым» деп өзгертіп жіберсе ше? Мерекенің түгі қалмайды, мәні де, мағынасы да өзгереді.

Мына Алғыс айту күні де сондай ғой. О баста Елбасы Қазақ жеріне келіп, 1930-40-жылдары туған жерінен қуылып, вагондармен тиеліп, әділетсіз қиындық кешіп, Қазақстанға әкелінген ұлттардың кең жүрек қазақ халқына алғыс айту күні ретінде шығарған еді. Идеологиялық мереке ғой. Өзіміз қолдан жасалған аштықтан миллиондап қырылып, артынша саяси қуғын-сүргін көріп, атылып, шабылып жатсақ та, ішерге ас, киерге киім таппасақ та, жаһандық соғысқа боздақтарды жүз мыңдап жіберіп, қайғыдан қан жұтып отырсақ та, депортацияланған сан түрлі ұлтқа бір үзім нанды бөліп бердік. Аман алып қалдық. Міне, сол жақсылығымызды ұмытпай, қазаққа осында тұратын өзге ұлттар алғыс айтсын, халықтар арасындағы достық, татулық сезімі күшейе түссін деген ниетпен жасалған болатын.

Бірақ біз әдеттегідей мәнін өзгерттік. Бас жақтан бастап, қарапайым деңгейге дейін. Класстастар партада бірге отырған досына кезінде диктант көшіріп, қалам бергені үшін, группаластар талай емтиханды бірге жапқаны үшін, достар анау-мынаудан аман шыққаны үшін, «барым үшін», «арайлап атқан таңым үшін», «мені туғаның үшін», «белді бекем буғаның үшін» АЛҒЫС деген деңгейге түсіп кетті.

18 млн халық бір-бірімізге алғыс айтып, тату-тәтті тұрған жақсы. Бірақ идеологияға да мән беру керек-ау. Енді бұл күннің идеологиялық маңызы да қалмады-ау.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ