«Алғашқы қонағыммен болған әңгімеден керемет әсер алдым»: Болат Назарбаевтан сұхбат алған журналист әсері туралы — Қазақстан жаңалықтары
Белгілі радиожүргізуші Гүлмира Нәлібай Болат Назарбаевтан сұхбат алып, үлкен ағасымен қарым-қатынасы жайлы сұрады. Stan.kz тілшісі журналистің өзіне хабарласып, сұхбаттың қалай өткенін, кейіпкерді сұхбатқа көндіру қаншалықты қиын болғанын сұрап білді.
Уoutube желісінде сұхбаттың толық нұсқасы берілмеген. Тек үзіктерін берудегі мақсатын Гүлмира Нәлібайдан сұрағанымызда:
«Айна» youtube каналы енді ашылып жатқан соң, халықты қызықтыру мақсатында осындай позиция ұстандық. Өзімнің командам бар, жұмыс жасап жатырмыз. Көрермендерге әзірге осындай қысқа-нұсқа видеороликерді ұсынамыз. Болашақта халық қызығушылығы туындап жатса, толық нұсқасы шығады», — деп жауап берді.
Гүлмира Нәлібайдың айтуынша, Болат Назарбаевпен болған сұхбаттың толық нұсқасының шығу уақыты әлі нақтыланбады.
«Алғашқы қонағыммен болған әңгімеден керемет әсер алдым. Кейіпкеріммен сұхбат алу барысында ерекше бір ойға берілдім. Жалпы біз адамдардың сыртынан артық сөзді көп айтады екенбіз. Адамды тану үшін онымен тек араласу керек, тілдесу керек немесе маңайында жүрген адамдардан нақты, таза ақпарат жинау керек. Өкінішке орай, қазір елдің бәрі қаралауға үйір болып кеткен», — деді Гүлмира Нәлібай.
Журналист алдағы уақытта сұхбат алатын азаматтардың бойындағы асыл қасиеттері мен шынайын сезімін бөлісетінін айтады
«Бұл жобаны ашудағы мақсатым халықты, бір-бірімізді жақсы көруге, жамандықтан ада болуға, имандылық қасиеттерді көбірек бойымызға сіңіруге, жақсы сөздер айтуға жетелеу», — дейді Гүлмира Нәлібай.
stan.kz