Алғаш рет Тоқаевтың төрағалығымен үкімет жиыны өтіп жатыр

0

Бүгін, 15 шілдеде Нұр-Сұлтанда алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Биылғы алғашқы жарты жылдықта әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсы деген президент «экономикалық өсім 4,1 пайызды құрап, инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз» болғанын айтты.

Үкімет отырысы көп балалы аналардың наразылығы, Арыстағы жарылыс пен Теңіз кенішіндегі жұмысшылар наразылығы тұсында өтіп жатыр. Бүгінгі отырыста осы мәселелер де ішінара сөз болды.

Тоқаев екі ай бұрын тұрмысы төмен топтардың несиесін өтеу туралы жарлыққа қол қойған. Бүгінгі отырыста президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтан халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге қатысты шараның орындалуы барысын сұрады.

«Ағымдағы жұмысты үкіметпен бірге екі блокқа бөлдік. Бірінші блокта біздің қолдаумен қамтылған топқа қатысты мәліметті салыстыру жұмыстары ескерілген. Осы мәліметтер базасын салыстыру бойынша жұмыстар осы аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен аяқталады. Алдағы аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші деңгейлі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен, сондай-ақ проблемалық несиелер қоры арқылы шарттар бекітіледі. Біздіңше, 1 қыркүйекке дейін банктерге қатысты қажетті төлемдер аяқталады. Айыппұл және өсімпұлға байланысты мәселелерді 1 тамызға дейін шешеміз», — деді Досаев.

Бұл жұмыстарды үкімет, президент әкімшілігі тұрақты бақылауда ұстауын тапсырған Тоқаев, «бұл акция бір жолғы сипатқа ие. Алдағы уақытта осы тектес шаралармен әуестене алмаймыз, оған хақымыз жоқ» деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады. Президент Арыста болған жарылысқа кінәлілер жазалануы тиіс екенін атап өтті.

Елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласында 24 маусымда әскери қойма өртеніп, арты ірі жарылысқа ұласқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрілердің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Оқиадан үш адам қаза тапқан: екі әскери және бір жергілікті тұрғын. 400-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ондаған адам ауруханаға түскен.

Дүйсенбідегі үкімет отырысында Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Теңіз кенішіндегі жанжалдан кейін аймақтағы ірі компания басшыларымен кездесіп, өтініштерін зерделеп, мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатқанын хабаралды. Тоқаев бұл оқиғаның сабақ болуы керектігін, «оның қайталануына жол бермеу керектігін» атап өтті.

29 маусымда Теңіз кенішінде болған жанжалдан ресми дерек бойынша 40-қа жуық адам зардап шеккен. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жилет пен каска киген бір топ жұмысшы басқа жұмысшыларды тепкілеп, соғып жатқаны көрінеді. Теңіз кенішінде жұмыс істеп жатқан «Теңізшевройл» компаниясы (ТШО) жанжалды «жеке адамдар арасындағы төбелес» деп атаса, Атырау облысы әкімдігі оқиғаны «тұрмыстық жанжал» деді.

Azattyq