Альфонс жігітке оңбай алданған көкшетаулық бойжеткен жан сырын ақтарды — новости Казахстана

0

Көкшетаулық бойжеткен осыдан тура бір жыл бұрын «альфонс» жігітпен кездесіп, есепшотындағы жинаған ақшасынан айырылып қала жаздаған. Алданған ару жас қыздарды жігіттерге сенбеуге шақырды. Айтуынша, қазіргі ер адамдардың көпшілігі оңай жолмен ақша табуға әуес деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: Woman.ru

Көрнекі фото: Woman.ru

Көкшетаулық Айгүл есімді бойжеткен (ред. аты-жөні өзгертілді) осыдан тура бір жыл бұрын «альфонс» жігітке алданып қала жаздағанын айтты.

Ер адам бастапқыда үйленеміз деп, кейін аталған ойынан айнып, тіпті он мыңдап қарыз сұрағанды шығарған.

«Көкшетаудың тумасымын, жасым 26-да. Қыз бала 25-ке келген соң жан-жағына қарап, жақсы ер адамға тұрмысқа шығуды армандайды ғой. Сөйтіп жүргенде, әп-әдемі жігітті кездестірдім.

Алғашында әлеуметтік желіде сөйлесіп жүрдік, кейін бір ай өткен соң, кездестік. Ол маған, мен оған ұнағандай болып көрінді. Осылайша қыз бен жігіт ретінде кездесе бастадық.

Бастапқыда ол атын «Ержан» (ред. аты-жөні өзгертілді) деп жүрді. Бірақ бірде анасымен сөйлесіп жатқанда, оның атының «Айбек» (ред. аты-жөні өзгертілді) екенін естіп қалдым. Мән бермеуге тырыстым, бірақ әлгі сөз ойымнан кетпей қойды.

Бір күні ақырындап төлқұжатын тауып алдым. Онда шынымен де, аты-жөнінің басқа екенін, өзі айтқандай Астананың тумасы емес екенін, басқа қаладан келгенін біліп алдым.

Сол бетте, «неге алдап жүрсің?»»деп шу шығардым.

Бірақ, сол жігітті қатты ұнатқаным соншалық, «желіге жалған парақша ашып, сені сынағым келді» деген сөзіне иланып қалыппын. Қазір ойлап қарасам, осынша жасқа келіп, өте аңқау болған екенмін, сол кезде онымен қарым-қатынасымды үзуім керек еді» , — дейді ару.

Айгүлдің сөзінше біраз уақыттан кейін «жігіті» жұмыстан қысқарып қалғандығын айтып, ақша сұрауды шығарыпты.

«Негізі өз қаласында университет бітіргенін, IT маманы екенін айтып жүрді. Бір компанияда програмистпін дейтін. Сөйтсем оның бәрі өтірік болып шыққан.

Күндіз басқа студенттер қыздармен қыдырып, кешке менімен кездеседі екен. Ол аздай солармен қыдыру үшін ақшаны менен алатын.

Былай қарасаңыз менің де асып бара жатқан түгім жоқ болған. Тек тұрақты жұмысыммен пәтер алуға жинап жүрген ақшам бар еді. Банкте депозитім болатын. Ол менде ақша болмай қалған кезде, сол банктен депозиттен ақша алып беруді сұрайтын.

Өкініштісі, оған сеніп қалғаным соншалық, банк картам мен оның құпия паролін де соған айтып берген күйге жеткен едім.

Сосын байқап қарасам, ол жарты жылдың ішінде толығымен менің мойнымда отырып алған. Тамағы, пәтерінің ақшасы тіпті киіміне дейін жалақым түскенде, соған барып жұмсайтынмын.

Бір күні ол: «Депозиттегі ақшаңнан 700 мың теңге аламын, анам ауырып жатыр», — деді. Мен ондай үлкен соманы бере алмайтынымды айтқаным сол еді, бірден шу шығарды.

Абырой болғанда, банк картасын одан алып, ешкім білмейтін жерге тығып қойған едім. Әйтпесе, ол менен сұрамай да ақшаны сыпырып алып кетуші еді.

Былайша айтқанда нағыз «альфонстың» өзі болған екен.

Бастапқыда тіпті үйленеміз дейтін, кейін ол ойынан да айнып қалғанын түсіндім. Ал өзім сұрай бастағанда, нақты жауап бермей қашатын», — дейді бойжеткен.

Алданған қыз сөз соңында өзге аруларды жігіттерге сенбеуге шақырды.

«Мені алдап жүргенін байқаусызда ғана біліп қалдым. Телефонынан мен сияқты тағы екі қызбен жүретінін, олардан да ақша сұрайтынын білдім. Кейін ол қыздардың бірімен сөйлестім, ол да осындай жігіт екенін сезіп жүргенін айтқан еді. Сөйтіп, бір-ақ күнде айырылысып кеттік.

Басында қатты қиналдым, кейін осындай адамнан құтылғаныма қатты қуандым. Әрине, басымнан өткен жағдайымды осылай айтудың өзі маған оңайға соғып отырған жоқ. Бірақ қыздарға айтатыным, тұрмысқа шығамын деп немесе сүйіп қалдым деп кез келген адамның етегінен ұстауға асықпаңыздар.

Қазіргі жігіттердің бәрі сондай, ұялмай қыздардың есебінен өмір сүргісі келеді. Альфонстардан аулақ жүріңіздер, ондайлар ешкімді бақытты ете алмайды» ,- деп сөзін аяқтады ару.