Әлеуметтік желіні бақылау адам құқығын шектемейді

0

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан билігі ресейлік «Квант» ғылыми-зерттеу институтына елдегі әлеуметтік желілерге бақылау орнату жүйесін дайындауға тапсырыс бермегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай жүйені дайындау конкурсы қазақстандық компаниялар арасында жүргізілген.

Астанада үкімет отырысынан соң журналистер сұрағына жауап берген Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «ресейлік «Квант» институтымен өзара байланыс орнатпағанын» айтты. Министр бұған қоса әлеуметтік желіге бақылау «наразылық көңіл-күйді анықтау үшін емес, заңға қайшы материалдардың жарияланып кетпеуі үшін жүргізілетінін» жеткізді.

Дәурен Абаев Азаттық тілшісінің «Әлеуметтік желіге бақылау орнату адам құқығын, азаматтардың ақпарат алу құқығын шектемейді ме, адамдарды аңду болмай ма?» деген сұрағына «Шектелмейді, аңду, бақылау болмайды» деп қысқа жауап қайырды. Министр «Әлеуметтік желіні бақылау қалай жүзеге асады?» деген сауалға «Мысалы, балаңыз суицид сайттарында отырса, сол сайттарда біреу балаңызға келіп, түнгі сағат төртте оян да, шатырға шығып төменге секір деп айтса, біз сондайды бақылап, құқық қорғау органдарына береміз» деп жауап берді.

Өткен аптада Digital Revolution тобының хакерлері Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне (немесе ФСБ) қарасты «Квант» ғылыми-зерттеу институтының серверіне бұзып кіргенін мәлімдеп, одан ұрланған мәліметтерін жариялаған еді. Хакерлер жария еткен құжаттарда қоғамдағы наразылық көңіл-күйді анықтап, талдау жасау үшін әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу жүйесін дайындау жайы баяндалған. Digital Revolution «Квант» институты мұндай жүйені қосалқы мердігер ретінде Қазақстанда жүзеге асырып жатқанын айтқан. BBC-дің Орыс қызметінің мәліметінше, Қазақстан Ақпарат және коммуникацияkfh министрлігі бұл жүйеге 4,3 миллион доллар бөлген.

Министрлік кеше «әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу жүйесін жасау құжаттарының ресейлік компания серверінде жариялануына» қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық