«Әлеуметтік желілер бұғатталмасын!»: Елордада 100-ден астам адам митингке шықты

0

Астанадағы Цирк алдында жиналған жұрт Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа кеткен заң жобасына қарсы бейбіт жиын өткізді. Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге баланың құқықтарын қорғау және ақпараттандыру мәселелері бойынша енгізілген түзетулерді мақұлдап ол құжат «Сарым-Зәкиева түзетулері» деген атқа ие болған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Бейбіт жиынды ұйымдастырушылар алдымен митинг өткізудің тәртібі мен ережелерін, тәртіпсіздікке жол берілмеуі керектігін ескертті. Осыдан кейін сарапшылар мен кәсіпкерлер, заңгерлер мен белсенді азаматтар кезек-кезек ортаға шығып, заң жобасына қарсы наразылығын білдірді.

«Біз цифрлық саладағы мамандар мен кісі құқығын қорғаушылар биліктен әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеу туралы нормадан бас тартуын талап етеміз. Бұл құжат балаларды буллингтен қорғау сылтауымен енгізілгелі жатыр. 9 наурызда аталмыш құжат Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып кетті. Сол себепті Сенатты аталмыш заң жобасын қабылдамауға шақырамыз. Құжаттағы ұсыныстар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне балаларды буллингтен қорғау сылтауымен кез келген контентті жоюды талап етуге мүмкіндік береді. Бұл нормалар Конституцияға қарсы. Бұл өзгерістер күшіне еніп кетсе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына ғана емес, сонымен қатар халықтың табысына да кері әсерін тигізеді», — деді ортаға шығып сөз сөйлеген сарапшы Арман Әубәкіров.

Митингке блогер Насима Қорғанбекова екі баласын ертіп әкелген. Айтуынша, блогердің өзі күн сайын әртүрлі платформада өз пікірін жазатын көрінеді.

«Бүгін осы митингке келуімнің себебі – біздің медиалаңда пікір білдіру қиындай түсуі немесе мүлде болмауы мүмкін. Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева контентті өшіру мүмкіндігін беретін заң жобасын ұсынып жатыр. Заң жобасының бастамашылары мұның бәрі балаларды кибербуллингтен қорғау үшін керек екенін айтады. Мен балаларыммен митингке келіп отырмын. Заң өкілдері балалардың артына тығылып, өз шаруаларын жасауына болмайды. Гуглдың соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда ақпараттарды өшіру туралы өтініштердің 40 пайызы билік өкілдерін және 40 пайызы ұлттық қауіпсіздікке байланысты болса, тек 4 пайызы ғана дискриминацияға қатысты болған», — дейді ол.

Көпшіліктің алдына тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев та шықты. Белсенді ең алдымен өз партиясын биліктің тіркемей жүргеніне наразылығын білдірді.

«Бізде телеарналар мен газеттердің бәрі биліктің қолында. Ол жерде бізге өтірікті жаудырады. Бәрі насихатқа жұмыс істеп, өтірікті айтады. Дауысымызды шығарып, сөзімізді жеткізетін – әлеуметтік желі ғана. Соған да жауып, заң қабылдағалы жатыр», — дейді тіркелмеген партия басшысы.

Осылайша, ортаға кезектесіп шыққан белсенділер аталмыш заң жобасымен қатар геосаяси жағдайдағы ахуалды сөз етіп, Қазақстанның оған білдірген соңғы реакциясына оң көзімен қарайтындарын айтты. Полиция қызметкерлері митингті бақылап, тәртіп бұзған ешкім болған жоқ. Айтарын айтып, акцияны өткізгеннен кейін бейбіт шерушілер үйді-үйіне тарасты.