әлеуметтік желіде жалған ақпарат тараған
Қысқа сілтеме алу
Қазақстанның сырты істер министрлігі тұрғындарға тек сенімді дереккөздерден мәлімет алуға кеңес берді
НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мысырда көз жұмған Қазақстан елшілігі қызметкеріне қатысты жалған ақпарат тарап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми өкіл қазақстандықтарды тек сенімді дереккөздерден ақпарат алуға шақырды.
«17 желтоқсан күні бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аталған оқиғаға қатысты «Еламан Жолдасов өз үйінің кіреберісінен өлі табылды. Оның қол-аяғы артына байланып, арқасы мен денесі кір болған. Демек оны жермен сүйреген» деген ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды», — деді ол сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Айбек Смадияров «Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың мәйіті табылған кезде оның мойнында жіп болған, баспалдақтың таянышына асылып тұрған» деген қауесетке де түсініктеме берді.
Египетте Қазақстан елшілігінің қызметкері жұмбақ жағдайда қайтыс болды
«Алғашқы тексеру кезінде оның денесінде қандай да бір зақым, көгерген жер мен жарақат болған жоқ. Қолды мен аяғы байланбаған. Оны оқиға орнында түсірілген бейне материалдар дәлелдейді. Әрине, тергеу мүддесіне байланысты бұл материалдар қазір жарияланбайды. Сондай-ақ марқұмның аяқ-қолы бос екенін оны бірінші тапқан Еламанның жұбайы да дәлелдейді», — деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Қазақстан дипломаты тұрған үй тәулік бойы күзетіледі.
«Мысыр тарапы дипломат тұрған үйге жақын орналасқан барлық бейне бақылау камерасынан материалды алды. Онда бөтен адамдар болуы мүмкін емес. Марқұмның үстінде табылған кезде костюм мен галстук болған. Киімі де таза, өзімен бірге аз ақша салынған әмияны, ұялы телефоны мен жеке құжаттары болыпты», — дейді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ ол БАҚ өкілдерінен жалған және негізсіз ақпаратты таратпауды, қаза тапқан қызметкердің туыстары мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауды өтініп сұрады.
«Бұл – үлкен трагедия. Бұл жаңалықтан сенсация жасаудың қажеті жоқ», — деп түйіндеді сөзін ресми өкіл.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың жұмбақ жағдайда қаза тапқаны туралы мәлімет тараған еді.
sputniknews.kz