«Мен сенің қожайыныңмын»: Әлеуметтік желіде полицей мен ер адамның видеосы тарап кетті
Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысында ер адам полиция қызметкерін камераға түсіріп, оны арандатып жатқан видеосы тарап кетті, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті оқиғаның шынымен де Шығыс Қазақстан облысында болғанын растады. Белгілі болғандай, видео кейіпкерінің есімі – Алексей Баландин. Ол Өскемен қалалық ІІБ Ертіс бөлімшесінің капитан шеніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.
Алексейдің айтуынша, 20 қаңтарға қараған түні ол қызметте болған кезде тұрғындардан қоңырау түскен. Адамдар тыныштықты бұзғандарға шағымданған.
«Мас күйінде болған азамат бізге есік ашып, бізді видеоға түсіре бастады. Мұндай жағдайлар үнемі болады, біздің басты міндетіміз – азаматтардың тыныштығын қорғау және тәртіп бұзушылықтың алдын алу», – дейді Алексей.
Бейнежазбада ер адам полиция қызметкеріне әртүрлі сөздер айтып, балағаттаған.
«Мен сенің қожайыныңмын, саған айлық төлеп отырмын. Сен мен төлеген салыққа нан жеп отырсың. Қызметші бола тұра қожайыныңмен неге бұлай сөйлесесің?» — дейді ер адам видеода.
Пікірлерде халық учаскелік инспектордың сабырлылығы мен ұстамдылығына тәнті болған. Мас азаматқа қатысты ӘҚБтК-нің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.