Әлеуметтік саясат әлеуетті көтереді | «Айқын» газеті

0

Конституция Қазақстанды «әлеу­­меттік мемлекет» деп сипаттайды. Әлеуметтік мемлекетте қабылданатын шешімдер мен енгізілетін реформалар халықтың хал-ахуалын жақсартуға, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сапалы білімнен бастап, қоғамдық пікірін еркін білдіруге дейінгі кепілдіктерге ие болуына бағытталуы қажет.
«Айқынға» пікірін білдірген сарапшылар әлеуметтік саладағы соңғы ұсыныстарды талқылап, оларды жүзеге асыруда ескерілуі тиіс тұстарын атады.

Президент жанындағы Қазақстан страте­гиялық зерттеулер институтының басшысы Зарема Шаукенова мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарын талдап берді:
– Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жолдауында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның негізгі мақсаты әлемнің дамыған 30 елі­­нің қатарына кіретін мықты мемлекет құру болатын. Аталған стратегияда белгіленген 7 бағыттың ішінде мемлекеттің әлеуметтік саясатының жаңа принциптері де бар. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі мақсаты – әлеуметтік қауіпсіздік пен халықтың әл-ауқатын көтеру. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, әлеуметтік саясат қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етті. Бірақ уақыт өзгерген сайын қоғамда жаңа сын-қатерлерге жауап беретін жаңартылған әлеуметтік саясатқа сұраныс туды. Әлем тәжірибесі ел азаматтары түгел әлеуметтік жүйенің ұсыныстарына көңілі толатын мемлекет пен мінсіз әлеуметтік сая­сат болмайтынын көрсетеді. Осы тұста Президент саясатында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға үнемі негізгі басымдық берілетінін атап өту қажет.
Зарема Каукенқызы әлеуметтік салада жасалған ұсыныстардың ішінде Президенттің бес бастамасын ерекше атап, оның артықшы­лығын алға тартты.
Биыл жарияланған Бес әлеуметтік бас­тамада әр отбасының баспанаға қол жеткі­зуіне, жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін азайтуға, жоғары білімнің қолже­тім­дігі мен сапасын арттыруға, студент жас­тар­дың өмір сүру ортасын қолайлы етуге, ша­ғын несие көлемін өсіріп, мемлекетті газ­бен қамтамасыз етуді жалғастыруға бай­ла­нысты нақты тапсырмалар берілді. «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын «қоғамның өзекті сауалдарына жауап» деп бағалауға болады. Бұл мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамға жұмыс стратегиясын көрсеткен құжат болды. Ең төменгі жалақыны көтеру, бизнестің жол картасын жүзеге асыруды жалғастыру, тұрғын үй коммуналдық қызметтері үшін тарифтерді реттеу сияқты қадамдар халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Өмір сапасының өзгеруіне білім, ғылым мен денсаулық сақтауға жұмсалатын қаржының ұлғайтылуы да оң әсер етеді.
Зарема Шаукенова халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге деген талпыныстың Пре­зидент тапсырмасымен қалай ұштас­қаны­ның мысалы ретінде төмендегі жайтты аңғартты.
– Президент Үкіметті, бизнес пен мем­лекеттік қызметтегі барлық басшыны жұ­мысқа қарым-қатынасын өзгертуге ша­қырды. Азаматтардың әл-ауқатын көтеруге айрықша басымдық беру керегін ескертті. Аталған қызметке лайықтылығы мен жұмы­сының тиімділігі басшының аталған бағытқа қосатын үлесіне байланысты бағаланатын болады. Соңғы уақытта халықтың өмір са­пасын жақсарту мәселесінде әлеуметтік са­ланы жаң­ғырту бойынша тапсырмаларды орын­дама­ғандардың қалай сұралатынына бә­ріміз куә болдық. Мәселен, тұрғын үй ком­му­налдық шаруашылық мәселелері бойынша қауіпсіздік кеңесінің отырысында тариф­тер­дің қымбаттауы талқыланып, желтоқсан айы­нан бастап электр энергиясы үшін тариф қа­зіргіден 25 пайызға төмен­детілетіні шешілді.
DataSight әлеуметтік және маркетингтік зерттеу агенттігінің директоры Ілияс Тілеубергенов орта тапты қалыптастыруға Президент бастамасында аталған жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасы қалай әсер ететінін былай түсіндіреді.
– Бес әлеуметтік бастаманың әрқайсысы ерекше атап өтуге лайықты болғанымен, «жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы ұсынысты бөліп қарағым келеді. Өйткені бұл бастама елімізде орта таптың қалыптасуына, осы топқа жататын азаматтар үлесінің сан мен сапа көрсеткіші бойынша артуына ықпал етеді. Ал кез келген мемлекеттің өміршеңдігі үшін орта таптың маңызды екені белгілі. Мәселен, қандай да бір мемлекеттің даму деңгейі мен тұрақтылығын бағалаудың бір жолы – сол елдегі қоғамды геометриялық пішінде бейнелеу. Егер өте бай және өте кедей таптар саны аз, ал орта тап мүшелері көп болса, қоғам ромбы пішінінде бейнеленеді. Pew Research Center зерттеу орталығының 2010 жылғы есебіне сәйкес, Дания, Норвегия, Нидерланды, Финляндия, Люксембург, Франция және Германия сияқты дамыған мемлекеттерде орта тап үлесі – 70%-дан көп. Мұндай қоғамда шектен тыс тұрақсыздықтың орын алуы екіталай. Өйткені орта тап мүшелерінің қоғамдық пікірі мен азаматтық белсенділігі елдегі саяси тұрақтылықтың, экономикалық дамудың және қоғамдық келісімнің нығаюына оң әсерін тигізеді. Жоғары білімнің қолжетімді әрі сапалы болуы орта таптың үлесін арттыруға ықпал ететін жалғыз болмаса да, маңызды фактор. Өйткені жастардың бәсекеге қабілетті сапалы жоғары білім алуы олардың келешекте экономикалық мәртебесі жоғары, беделді орынға ие азамат болып қалыптасу ықтимал­дығын арттырады.
Жоғары оқу орындарын әлемнің үздік университеттерінің үлгісінде студенттер мен мекеме қызметкерлеріне қолайлы жағдай қалыптастыруға бейімдеудің әлеуметтік әрі экономикалық тұсын жеткізген Ілияс Мей­рамқұлұлы кампус аумағында нысандар салуда нарықтың сұраныстарын ескеруге шақырады.
– 2022 жылға дейін девелоперлік ком­па­ниялар мемлекет пен жекеменшіктің серік­тес­тігі қағидасымен 75 мың орынды жаңа жатақхана салатын кезде, жоғарғы оқу орнын қаржылық дербес құрылымға айналдыру керегі ескерілгені жөн. Бұл студенттердің академиялық үлгерімінің жоғарылауына, әрі жатақхананың «өзін-өзі ақтай алуына» негіз болады. Мысалы, Стэнфорд сияқты беделді уни­верситет кампустарының инфрақұрылы­мына назар аударсаңыз, онда студенттердің және басқа да резиденттердің тамақтану, кино көру, киім жуу, шаш қидыру, спортпен шұғылдану сияқты қажеттіліктері ескеріліп, кампустың әр текше метрі сауда көзіне ай­нал­ған. Осы арқылы кампус иесі студенттерге білім алуға қолайлы мекен қалыптастырумен қатар, оларды фитнес орталығында немесе кинотеатрда әкімшілік жұмыстармен қам­тамасыз ету деген қос міндетті қатар атқарып отыр. Шетел тәжірибесі жатақхана сияқты нысандардың мастер-жоспарында (master-plan) нарықтың кем дегенде алдағы 5-10 жылдық сұранысы ескерілетінін көрсетеді.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі әңгімесін жоғары білім беруді ұйымдастыру ісіне қатысты ұсыныстарымен жалғады.
– Осы үлгіге сүйеніп, Қазақстанда алыс-жақын шалғайдан келіп оқитын студент­тер­дің ата-анасы мен бауырлары тұрақтайтын кі­шігірім хостел, университет қызметкер­лерінің балаларына арналған қолжетімді балабақша немесе жатақханаға жақын жұрт кешқұрым бір мезгіл сауат ашатын, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана секілді әлеуметтік нысан­дарды сұраныс деңгейіне қарай салуды құрылыс компаниялары назарға алғаны жөн. Негізгі мақсат – мем­лекет қаржысына салы­на­тын жатақхана­лар­ды сауда көзіне айнал­дыру емес, студенттер мен оқытушыларға жайлы жағдай жасау. Нарықтың шынайы сұранысын, студенттер және басқа азамат­тардың қажеттілігі мен қалауларын білу – көп қаражат пен уақыт талап етпейтін дүние. Дұ­рыс ұйымдас­ты­рылған маркетингтік зерт­теу жұмыстары арқылы (сауалнама, фо­кус-топтық талқылау) нарықтың ағымдағы және болашақтағы сұ­ранысы туралы тың ақпа­рат жинауға болады. Осылайша, жоғары бі­лім­нің сапасын арттыру жұмыстарын оң­тай­лы және тиімді ұйымдастыру мүмкіндігі бар.

Динара ТІЛЕУБЕК