Әлеуметтік қызметкер 83 жастағы зейнеткерді қарттар үйіне жіберіп, баспанасын иемденген

0

Петропавлда әлеуметтік көмек қызметкері 83 жастағы әжейді алдап, оның атындағы үйін өзіне аударып алған. Онымен қоймай, жалғыз тұратын кейуананы қарттар үйіне өткізіп жіберген, деп хабарлайды Астана арнасы.

83 жастағы Людмила Носиктің қарттар үйінде екенін ешкім білмеген. Оған хабарласа алмаған туыстары бірінші болып дабыл қаққан. Кейіннен анықталғандай, әжей екі бөлмелі пәтерін оны төрт ай бойы қараған күтушінің атына рәсімдеп жіберген.

«Мен ешнәрсе жазған жоқпын, барлығын өздері рәсімдеп алды. Мені емделу керек деп қарттар үйіне өткізіп тастады», — дейді петропавлдық қария.

Кейуананың Мәскеуде тұратын немересі оған хабарласа алмаған көрінеді. Оның жоғалып кеткенін көршілері де байқапты. Тіпті, құтқарушыларды шақыртып, үйінің есігін бұзып ашқан. Алайда үйдің ішінде ешкім болмаған. Туыстары әжейдің суретін қарттар үйінің әлеуметтік желідегі парақшасынан байқап қалыпты.

«Әжем ешнәрсе білмейді ғой, қолына берген қағазға қол қоя салады. Құжаттардың барлығында өзге біреудің жазуы анық байқалады. Тек өзінің тегін ғана жаздыртып алыпты. Менің ойымша, мұндай жағдайға тек менің әжем тап болған жоқ. 83 жасында баспанасыз қалады кім ойлаған», — дейді кейуананың немересі Наталья Среда.

Людмила Носик екі апта бойы қарттар үйінде болған. Қазір туыстарының қолында. Ол теміржолшы болып қызмет атқарған, баспана да жұмыс тарапынан беріліпті. Десек те әжейдің үйін тартып алған әлеуметтік қызметкер пәтерді қайтарудан бас тартып отырған көрінеді.

Ең қызығы, әлгі күтуші қазір басқа қарияларды қарап жүр екен. Оның қамқорлығында сегіз адам бар. Баспанасынан айырылған зейнеткердің туыстары полицияға жүгініп үлгеріпті.

«Біз сот үкімі шықпай жатып, оны жұмыстан шығара алмаймыз. Іс қарастырылып біткеннен кейін, тиісті шаралар қолданамыз. Мүмкін қызметтен босатамыз», — деді Петропавл қаласының әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Өз кезегінде 83 жастағы Людмила Носик өмірінің тең жартысы өткен үйін қайтарамын деген үмітінін бар екенін жеткізді.