«Әлемнің халық әртісі»: Димаш Ресейдің әйгілі әншілерін гүлсіз қалдырды
Игорь Крутойдың шығармашылық кешінде Димаш Құдайбергенге тыңдармандары құшақ-құшақ гүл сыйлады
НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз — Sputnik. Игорь Крутойдың «Новая волна» байқауы аясында өткен шығармашылық кешінде ән шырқаған Димаш Құдайберген көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, гүл шоқтарының астында қалды.
Шығармашалық кеште Димаш Игорь Крутойдың әйгілі хиті «Любовь, похожая на сон», сондай-ақ «Любовь уставших лебедей» әндерін орындады.
«Любовь, похожая на сон» әнін орындап болған соң көрермендер Димашқа қошемет көрсетіп, сахнаны түрлі гүл шоқтарына толтырып тастады.
Ал «Любовь уставших лебедей» әні орындалғанда Димаштың жанкүйерлері қасынан кетпей, артынша әннің қайырмасын қазақ әншісімен қосыла шырқады.
Кеш соңында әртістердің бәрі сахнаға шығып, Игорь Крутой олардың әрқайсысын халыққа таныстырды.
«Әлемнің халық әртісі – Димаш Құдайберген!» – деді композитор қазақ әншісі туралы.
«Новая волна» байқауындағы шығармашылық кеш танымал композитордың 65 жасқа толған мерейтойына арналған. Кештің құрметті қонағы – Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Игорь Крутойға «Достық» орденін табыстады.
sputniknews.kz