Әлемнің әр елінен жиналған қазақтар шағын футболдан өзара сайысқа түсті
Қысқа сілтеме алу
Нұр-Сұлтан қаласында әлем қазақтары арасында шағын футболдан жарыс өтіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Елордада шағын футболдан халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Турнирді Отандастар қоры мен дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырды.
©
Sputnik / Дәурен Ерболат
Отандастар қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов
Аталған қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов ала доп бәсекесі тарихи отанына оралған, әрі шетелде тұрып жатқан қазақтар арасында өтіп жатқанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Түркиядағы қазақтар Назарбаевқа хат жазды
«Шараны жастар жылы аясында ұйымдастырдық. Жарысқа 24 команда қатысып жатыр. Оның арасында қазақтар жиі қоныстанған Ресей, Қытай, Моңғолия, Ираннан келген спортшы бауырларымыз бар. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан да командалар келді. Мақсатымыз – шетелдегі қазақ жастары арасындағы байланысты нығайту», — дейді ол.
©
Sputnik / Дәурен Ерболат
Отандастар қорының қызметкері Талапбек Тынысбекұлы
Сонымен қатар Отандастар қорының қызметкері Талапбек Тынысбекұлы жарыстың жүлдеқоры 3 миллион теңге екенін, жеңіске жеткен команда ақшалай сыйақыға ие болатынын айтты.
«Халықаралық турнирді биыл бесінші рет өткізіп отырмыз. Биыл жарысқа шетелден 12 команда келді. Жалпы командалардың саны 24. Олар жас ерекшеліктеріне байланысты 30-ға дейін және 30-дан кейін деп бөлінеді. Жарыстың жүлдеқоры – 3 миллион теңге. Бұл демеушілердің қаржысы. Жеңіске жеткен командаға 500 мың теңге алады. Ал екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге беріледі. Ал ынталандыру жүлдесі 100 мың теңге», — деді жарысты ұйымдастырушы.
Тағы оқыңыз: Канададағы қазақ: Қазақстанды Назарбаевсыз елестете алмаймын
Сондай-ақ ол «үздік қақпашы», «үздік шабуылшы», «үздік қорғаушы» атанған ойыншыларға да арнайы сыйлықтар берілетінін мәлім етті.
Жарысты ұйымдастырушының айтуынша, Отандастар қоры шетелден келген командалардың жататын орнын, тамағын, жолақысын өздері көтереді екен.
©
Sputnik / Дәурен Ерболат
Моңғолиядан келкен қазақ спортшысы Айболат Жұлдызұлы
Моңғолияның Баян-Өлгий қаласынан келкен қазақ спортшысы Айболат Жұлдызұлы өз командасының үздік үштіктен көрінгенін қалайды.
«Бұл жарысқа осымен 4 рет қатысып отырмыз. Командамызда 12 адам. Үздік үштіктен көрінсек деген мақсатымыз бар. Тек Құдай нәсіп етсін!», — дейді футболшы.
©
Sputnik / Дәурен Ерболат
Илгиз Хамитов
Келесі спортшының есімі – Илгиз Хамитов. Ол Өзбекстанның Науаи облысы Заварбат елді-мекенінен келіпті.
«Нұр-Сұлтан қаласына алғаш рет келіп отырмын. Қала ұнады. Командамызда 8 адам бар. Мақсатымыз – жеңіске жету. Осы үшін қазақ еліне келдік. Бір топта 4 команда бар. Алдымен топтан шығу керек. Ертең финал өтеді. Мүмкіндікті жібермеу керек», — дейді спортшы.
Тағы оқыңыз: Омбы қазағы Назарбаевқа өтінішін айтты
Айта кетейік, шағын футболдан халықаралық турнир Нұр-Сұлтан қаласындағы Жас-Батыр спорт кешенінде өтіп жатыр. Ертең 27 сәуір күні жарыстың финалы өтеді.
sputniknews.kz