Әлемді жаяу аралауға шыққан ұлытаулық ақсақал Ресей шекарасына жетті

0

Әлемді жаяу аралау үшін Атыраудан жолға шыққан ұлытаулық ақсақал Ресей шекарасына жетті. Бұл туралы Kznews.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ұлытау облысында тұратын 73 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашовтың 2 тамызда Атыраудан жолға шыққан еді. Саяхатшы бүгін, 8 тамызда Қазақстан-Ресей шекарасына жетті. Бұл туралы саяхатшы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті.

«Міне, шекараға жеттім. Бірінші шекарадан өткелі тұрмын. Атыраудан 300 шақырымнан астам жаяу жүрдім. Жолдың кейбір жері нашар, кейбір тұсы жақсы. Жол салынып жатыр. Келесі жылға дейін бітетін шығар. Бүгін міне, бірінші рет шекараны көріп, қобалжып тұрмын. Алла сәтін салса, өтермін, сау болыңыздар, қазақстандықтар», — деді Сәрсенбай Қотырашов.

73 жастағы саяхатшы жаяу сапарын бірнеше бағытқа бөлген. Алғашқы маршруты – Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия елдеріне бару. Бұл елдерді аралау үшін 3 мың шақырымға жуық жол жүреді. Бұған 100 күн қажет.

Екінші бағыттағы Түркия, Франция, АҚШ елдерін 180 күнде аралауды жоспарлап отыр. Бұл үшін 9 мың шақырымнан астам жолды еңсермек.

Үшінші кезеңе АҚШ-тан бастап, Қытай, Моңғолия, Ресей арқылы Қазақстанға оралады. Бұл кезеңде 130 күнде 4 мың шақырымнан астам жол жүреді. Ол екі жылда 16 210 шақырымды бағындырмақ.