Әлемді өзіне тарту үшін өзбек жұрты не істеп жатыр?

0

Осыдан екі жыл бұрын билікке келген Шавкат Мирзиеев Өзбекстанды әлемге ашық мемлекетке айналдыруға тырысуда. Бұл туралы ол ресми мәлімдемелер арқылы да білдірген еді. Әрине, өзбек басшысының ойлағанына сай, Өзбекстанда туризмді дамытудың өзіндік потенциялы да бар.  Өзбекстандағы өзгеріс алыс шетелдердің де назарын аударып отыр. Шетелдік танымал ақпарат құралдарының аузына да көбірек іліне бастады. Соңғы он жылда BBC арнасы Өзбекстанға қарағанда Солтүстік Кореяда көбірек репортаж жасаған. Алайда, жақында аталған арнаның репортерлері Бен Тавенердің бастауымен өзбек жұртында болып, сол елдің туризм потенциялы туралы зерттеп, зерделеп қайтты.

Ресми статистикаларды алға тартар болса, былтыр Өзбекстанға 2,5 млн шетелдік турист келген. Бұл әлемге енді бағыт алған ел үшін жаман көрсеткіш емес. Алайда, бұл саяхатшылардың басым көбі ТМД елдерінен болған. Ал, биыл қыркүйек айына дейін өзбек еліне алыс Америка құрлығының оңтүстігі мен солтүстігінен 10 мыңға жуық саяхатшы ат басын бұрыпты. Бұл сан ел туризмі үшін көп болмағанымен былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға көп.

Өзбекстан билігі шетелдік туристерді тарту мақсатында бірқатар шаруаларды да тындырған. Әсіресе, БАҚ өкілдерінің рөлін көбірек ескерген. Айталық, әлем аралап саяхат жасағысы келетіндерге бағдар сілтейтін Lonely Planet басылымы жасаған зерттеу бойынша, 2019 жылы саяхат жасап демалуға ең лайықты елдердің тізімінде Өзбекстан екінші болып жайғасыпты. Бұған қоса Ташкент билігі туристік жағдай жасау үшін жүрдек пойыздарды іске қосып, әуе қатынасын кеңейтуде және 300-ге жуық жаңа қонақ үйлер салуда. Тіпті, ондаған елде электронды виза алу ісін жеңілдетті. Бұл шаралар Өзбекстанды демалуға қолайлы, қауіпсіз әрі тарихи және экзотикалық ел ретінде таныта түсуде.

Ташкент болса Өзбекстан туризмінің негізгі бағыты. Ташкенттегі ислам мен кеңестік архитектураның араласуының өзі кейбір шетелдіктерге таңсық болары шын. Одан қалса Ташкент метросы да келушілердің бір көруіне татиды. Жоғарыда атаған BBC журналистері Ташкент метросын кескінге түсірген тұңғыш шетелдік танымал арна өкілдері болып тарихта қалғанын да айтпай кетсе болмас. Ташкентте, сондай-ақ, көне Құран қолжазбасының сақталуымен құнды болған Хаст-Имам сарайы да бар. Ал, өзбек жұртындағы ішкі туризмы туралы айтқанда осындай діни орындарға бағытталған зиараттық туризмнің басым екенін де айтқан жөн.

Өзбек ағайын ала шапаны және палауымен еске түсетіні шын. Өзбек палауы туралы осыған дейін ТМД көлемінде айтылып жүрсе, бұл тағамның атауы қазір құрлық асып кеткен. Өзбекстанның қай қаласына барса да шетелдіктер өзбек палауынан дәм татпай кетпейді. Оның үстіне қазір өзбек палауын әлемге таныту үшін бірқатар шаралар үкімет тарабынан арнайы қолға алынып отыр. Соның қатарында үш тонна палауды бір қазанда дайындау секілді жұрт назарын аударатын істер де бар.

Ташкенттен тыс, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Бұхара қаласы да Өзбекстан туризмінің жарық жұлдызы деуге болады. Жалпы өзбек ағайын жасаған аймақ Орта Азияда отырықшы мәдениеттің іздері ең көбірек сақталған ел екені белгілі. Заманында Әмір-Темір Тұранның ұлы даласын тоздыра шапқанымен, өзі тұрақ еткен Самарқан мен Бұхара айналасындағы орта ғасырлық қалаларды дамытқаны белгілі.  

Өзбекстанның шетелдік туристер үшін қолайсыз тұстары да жоқ емес, әрине. Саяхатшылардың бұл елде wi-fi тауып пайдалануы және банк картасын пайдалануы қиынға соғады. 50 мың бірлік ақша купюрасын қалтаға толтырып алып, Өзбекстанды аралау шетелдік жиһангездерге ұнай бермесі анық. Ал бұларға қоса, Ислам Каримов тұсында ел тұрғындарын шеңгелдеген қатты тегеурін босағанымен, бүтіндей жоғалып кеткен жоқ. BBC журналистерінің айтуынша, үкіметтік бақылаудың қатаңдығы немесе қатаң болғандығын көрсететін көріністер жоқ емес. Көршіміздің бұдан да басқа жасырып-жабар кемшін тұстары көп екені де рас. 

Мейлі қалай болса да, көрші әрі бауырлас өзбек жұрты бұл бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алды. Ташкент тарабының Өзбекстанды әлемге таныту үшін жасаған шаралары табысты болып жатса қызғанбаймыз. Тек, дабыралы саммиттер мен керекті-керексіз жиналыссыз да, халықаралық жарыстар мен жәрмеңкелерсіз де әлемге танылуға болатынын әйгілеп кете ме деген алаң көңіл бар.

“The Qazaq Times”