Әлемдегі ең бай адам өзінің күн тәртібі туралы айтты
Forbes нұсқасы бойынша, әлемдегі ең бай адам Джефф Безос өзінің күн тәртібі мен маңызды шешім қабылдайтын кезде нені ескеретінін айтты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Amazon интернет-компаниясының негізін салған бизнесмен, The Washington Post және Blue Origin аэроғарыш компанияларының иесі Invent and Wander атты кітабында тәулігіне 8 сағат ұйықтауға аса мән беретінін айтты.
«Әртүрлі сағат белдеуінде орналасқан елдерге саяхаттамаған кезде ұйықтауды жөн көремін. Кейде 8 сағат бойы ұйықтау мүмкін емес. Бірақ 8 сағат ұйықтаған соң, ойлау қабілетім айтарлықтай жақсара түседі. Күш-қуатым артып, көңіл-күйім де көтеріле түседі», — деп жазды 56 жастағы миллиардер.
Сондай-ақ, ол бизнес саласында маңызды шешімді қалай қабылдайтынын айтты. Джефф Безос осы тұста саннан сапа артық екенін алға тартты. Себебі, ірі компаниялар жетекшілері дұрыс, қатесіз шешім қабылдағаны үшін көп ақша төлейді. Басшылардың басқалардан айырмашылығы осыда.
Amazon басшысы маңызды шешімді 17 рет өлшегеннен кейін ғана қабылдайды. Алайда бұл тәсілді жеңіл шешімдерді қабылдау үшін қолдануға болмайды. Планетадағы дәулетті жандардың лидері жұмыс кестесінің тығыз екеніне қарамастан, үй жұмыстарына да уақыт табады.
«Таңертең кофе ішіп, газет оқығанды ұнатамын. Балаларым мектепке кетерде бірге отырып таңғыас ішкенді жақсы көремін. Сол себепті мен үшін әрбір уақытым маңызды», — дейді ол.
Зерттеулер нәтижесі Джефф Безостың адамзат тарихында алғашқы триллионер болуы мүмкін екенін көрсетті. Дәл қазір ол дәулеті 200 млрд доллардан асқан алғашқы адам.