Әлемде алғаш рет адамға доңыздың жүрегі салынды

0
318

Америкалық хирургтар әлемде алғаш болып адамның жүрегін жануардікімен алмастырды. Олар науқасқа доңыздың генетикалық түрленген жүрегін салған. Дәрігерлердің айтуынша, Дэвид Беннеттің өмір сүруі үшін бұл таптырмас операция болған. Өзге жағдайда, науқас өліп кетуі мүмкін еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі bbc.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

7 сағатқа созылған ота осыдан үш күн бұрын жасалған. Қазір Беннеттің жағдайы жақсы.

«Менің алдымда өлім немесе осы операция таңдауы тұрды. Тағдырым енді қандай болатынын білмеймін, бірақ мен үшін бұл соңғы мүмкіндік еді», – деді 57 жастағы науқас.

Мэриленд университеті медициналық орталығының мамандары операцияға биліктен арнайы рұқсат алған. Онсыз науқастың өліп кететінін ескерткен. Алайда жүрек алмастырудың соңы неге апаратыны әзірге белгісіз болып отыр.

Ал хирургтар үшін бұл операция – көпжылдық зерттеулердің нәтижесі. Олар бұл жаңашылдық әлемде көптеген адамдардың өмірін құтқарады деп үміттенеді.

Генетикалық түрлену

Ғалымдар жануарлардың органдарын адамға алмастыру мүмкіндігін бұрыннан бері қарастыруда. Кардиохирургияда шошқа жүрегінің кей бөліктерін, анығында, клапанын адамға ауыстыру тәжірибесі қолданылып келеді.

2021 жылдың қазан айында Нью-Йоркте хирургтар адамның бүйрегін шошқаның бүйрегімен сәтті алмастырғанын хабарлады. Сол кезеңге бұл тарихтағы мұндай тектес ең қиын операция деп танылды. Алайда жануардың бүйрегі отырғызылған науқастың миының жұмысы тоқтап, қайтыс болды.

Ал Беннет енді қарапайым өмірге қайта оралуға үмітті. Отаға дейін ол алты апта бойы төсекке таңылып жатқан. Ол тек арнайы медициналық аппараттың көмегімен өмір сүріп келген.

Франс агенттігінің хабарлауынша, трансплантацияға қолданылған жануар жүрегі генетикалық түрленген. Яғни ғалымдар ауыстырылған органды қабылдауы үшін белгілі бір геннен құтылуға мәжбүр болған.