Әлем таныған Елбасы
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен егемендіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында елдігімізді сақтап, қиыншылықтарды жеңе білдік, саяси жүйеде, экономикада, әлеуметтік салада заманауи күрделі реформалар жүргіздік. Олардың нәтижесінде демократиялық бағыттағы зайырлы Қазақстан мемлекеті дүниеге келді, нарықтық экономика жүйесіне көштік, заман талабына сай әлеуметтік саланың даму бағыттары жасалды. Бүгінгі таңда Қазақстан барлық шешуші қырларымен әлем елдерінің бел ортасында. Дәлірек айтсақ, экономикадағы, білім, денсаулық саласындағы көрсеткіштерімен алдыңғы қатарлы елдерге бірте-бірте жақындап келе жатыр. Ғасырлар жүретін жолдың, алатын асулардың ширек ғасыр ішінде-ақ ауыз толтырып айтарлықтай біразын еңсеріп тастадық деп айта аламыз. Бұрын Қазақ тарихында болмаған жолға бет алып, әлем елдерімен өмірдің барлық салаларында ұлы күрес басталды. Оның туын Президент Назарбаев көтерді.
Ғасырлар бойы технология, техника тұрғысынан әлем елдерінің ең соңында титықтап жүрген, өндірісінің деңгейін Кеңес дәуірінде индустриялық қоғам дәрежесіне де жеткізе алмаған Қазақ елін заманауи жоғары техника, технологиялармен жарақтап, ұзап алға кеткен постиндустриялы сатыдағы елдердің, яғни бүгінгі ең озықтарының қатарына алдымен біртіндеп жақындап, түбінде олардың санатына қосылудың ұлы жорығы басталды. Осы жорықты да жан-жақты ойластырып, тікелей оның да көшін бастаған Президент Назарбаев болды. Елімізде он шақты жылдан артық толассыз жүріп жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, соның арқасында дүниеге келген 1000-нан аса жаңа кәсіпорын – соның дәлелі.
Президенттің тікелей басшылығымен, бұрын ешкім білмейтін, ешкіммен айтарлықтай қатынасы жоқ қазақтарды, Қазақ елін әлемге жан-жақты таныстыру басталды. Ол үшін әлем елдерімен бейбітшілік пен жарастыққа бастайтын саясат жасалуы керек еді. Оны да Президент жасады. Әлем елдерінің біразымен өзара тиімді саяси-экономикалық байланыс қалыптасты. Оның да тиімді моделін іскерлікпен жүзеге асыра білген Нұрсұлтан Әбішұлы болды. Осының арқасында Қазақстан бүгін көптеген елдермен тұрақты және өзара тиімді байланысы бар әлемге белгілі мемлекет.
Әлем кеңістігінде басқалармен тең жүретін, білімі мен біліктілігі заман талабына сай келетін ұрпақ өсіру де жоғарыда айтылған жорықтың ерекше маңызды бөлігі болды. Президент ұсынған әлемдегі жарастыққа құшағын айқара ашқан Қазақ елін әлем елдері түсіне білді. Білім аламын, шетелдегі озық үлгілермен сусындаймын деген қазақ азаматтарын ешкім бетінен қақпады. Жүздеген мың қазақ жастары әлемнің дамыған елдерінде болып, заманауи білім алды. Президент ұсынған «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның әр салаларының көшін бастайтын білімді, білікті мамандар дайындау мақсатын қойды. Осы бағдарламамен шетелде оқыған мамандардың алғашқы тобы министрлер, облыс, аудан әкімдері, басқа да жауапты мемлекеттік қызметтерді жемісті атқара бастады. Олардың қатары жылдан-жылға көбеюде.
Сыртқы саясат, дипломатия әлемінде Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі де, беделі де, оған деген құрмет те ерекше. Осы егемендік жылдарында Еуропа, Солтүстік және Латын Америкасы, Азия, Араб елдерінің көпшілігіне барып, олардың кейбіреуіне бір рет емес, бірнеше сапар шегіп, сол елдермен Қазақ елінің тұрақты қарым-қатынасын орната білді. Қазіргі ию-қию заманда әлем елдерінің көбі, алыс-жақын көршілер де бір-бірінің жағасына жармасып жатқанда әлемде ешкіммен қабақ шытыспай, тек достық, түсіністік жағдайда болу – Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы асқан шеберлігі.
Әлем елдері оны жаһандық дәрежедегі қайраткер, саясаткер деп танып, құрметтейді. Соның айғағы – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті отырысының, осы ұжымды құрған елдердің бірінші басшыларының қатысуымен Қазақстан астанасында өтуі. Бұл – тарихта даму жолына жақында ғана шыққан елдердің ешқайсысында болмаған теңдесі жоқ оқиға. Осыны ұйымдастыруға мүмкіндік ашқан Қазақстан басшысының әлемдегі жоғары беделі, бейбітшілік, жарастық туын көтерген Президентін әр уақытта қолдап отырған қазақ елінің беделі.
Осындай ерен еңбектің арқасында елордамыз әлем елдерінің мәмілегерлер астанасы сипатына ие болды. Алыс-жақын жерлердегі дау-дамайлардың өз елдерінде шешімін таппай, Астанаға келіп, Елбасының ақыл-кеңесін тыңдап, даудың күрмеуі бірден шешілмесе де, тарқатыла бастағанына қуанып қайтқандарды да бір емес, талай рет көрдік. Қорыта айтсақ, біздерді, қазақтарды, әлем сахнасына шығарып, елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Назарбаевтай қайраткер тарихымызда бұрын-соңды болған жоқ.
Біздің тіршілігіміз, жалпы адамзат өмірі қазіргі заманда өте тез өзгеруде. Бүгінгі біздің байлығымыздың басты көзі – мұнай мен газдың маңызы азайып, баламалы энергетика, төртінші өнеркәсіптік революцияның кейбір жетістіктері адам өмірінде, ең алдымен дамыған елдерде қолданыла бастады. Мұны тарихта бірнеше рет болған күрделі технологиялық жаңалықтардың анасы деп айтуға болады дейді мамандар. Өйткені бұрын болғандары адамның қара күшіне күш (трактор, механикалық тұрғылар т.б.) қосу үшін жасалған еді, төртінші технологиялық төңкеріс адамның ой-санасын, жасампаздығын, қысқаша айтқанда, адам капиталын еселеп арттыратын жаңалық болып тұр.
Осындай болашақтың күрделі өзгерісін дер кезінде түсінуде де Н.Назарбаев қырағылық танытты. Адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы халықты, ең алдымен жас ұрпақты сапалы біліммен сусындату болса, осыны терең түсінген Президент білім саласына бұрынғыдан да күрделі, өте ауқымды реформалау жобасын ұсынды. Қазіргі таңда бүкіл білім-ғылым жүйесінде, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін, осы реформалар екпінді түрде жүріп жатыр. Жаңа, сапалы оқу бағдарламасы енгізілуде, жүздеген, мыңдаған мектеп ұстаздары өздерінің кәсіби дайындығын көтеруде, олардың жалақысы да қомақты көтерілуде. Барлық мектептерге кеңжолақты интернет желісі таратылуда, әрбір ауыл мектептерін заманауи мультимедиа құралдарымен жабдықтау алдымыздағы жылдан басталады. Әлем елдерінде ең жоғары сапаға ие болған орта және жоғары мектеп оқулықтары қазақ тіліне аударылып, солардың негізінде шетелдердегідей оқушыларға дәріс беру жүйесі қалыптаса бастады. Бірнеше жыл бұрын басталған балабақша мен орта мектепте, қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілін оқыту бағдарламасы біздің жастарымыздың әлем кеңістігіндегі білім, ғылым, техника, технология жаңалықтарымен оларды қазақ тіліне аударуды күтпей дер кезінде интернет арқылы танысуына жол ашып отыр. Тек биылғы жылдың өзінде білім жүйесіндегі реформаларды іске асыру мақсатымен
2 трлн теңгеден артық қаржы бөлініп отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған өте қомақты қолдау. Қорыта айтсақ, ел азаматтарының бүгінде де, болашақта да заманның өктем талабына жауап бере алатын, дүниетанымы жоғары, білімі мен біліктілігі терең ұрпақ дайындау үшін Президенттің тікелей басшылығымен үлкен тағы бір жорық басталды. Соны баршамыз қолдап, іске сәттілік тілейік, ағайын.
Әлемді де, қоғамды да, жеке адамды да күрт өзгертетін төртінші өнеркәсіптік революцияның маңызды саласы – цифрлы технология. Оны жақсы игерген қоғам шаруашылық салаларының тиімділігін еселеп арттырады. Осыны жақсы түсінген Президент көп елдерге барып, мамандармен сөйлесіп, іске асып жатқан цифрлы технологияларды, олардың нақты нәтижесін көріп, халқына «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ұсынып отыр. Мемлекет тарапынан осы бағдарламаны іске асыруға керек қаржы, басқа да мұқтаждық анықталды. Министрліктер, өңір басшылары, жоғары оқу орындары, басқа да білім, ғылым, технология саласындағы орталықтар осы іске бүгінгі таңда белсенді түрде кірісіп кетті. Бұл іске де сәттілік тілейік, ағайын.
Егемендіктің алғашқы жылдарынан Президент ең алдымен елдің әл-ауқатын көтеріп алу маңызды екенін алға тартып, ірі-ірі экономикалық реформаларды жүзеге асырды. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Ел етек-жеңін жинады, әлеумет еңсесін тіктеді. Ендігі жерде басқа шаруаларға емін-еркін араласуға, соның ішінде елдің рухани ұстынын нығайтуға мүмкіндігіміз жетіп отыр. Осының барлығын күні бұрын стратегиялық тұрғыдан ойластырған Мемлекет басшысы өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», ал жақында «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жариялады. Онда жасалған терең тұжырымдар мен жан-жақты дәйектелген бағыттарды өз басым егемен Қазақ елінің қайта түлеуінің тамаша манифесі дер едім. Өйткені ол мақалада айтылған құндылықтардың маңызы ерекше, әлем кеңістігінде қазақты қазақ етіп сақтай алатын құндылықтар.
Осы жоғарыда айтылған іс-шараларды қорыта келіп, егемен ел ретінде асудан астық, арнаға түстік деп айтуымызға болады. Халықтың тұрмысы біртіндеп жақсарып келеді. Бизнесті қолдау, оған мемлекет тарапынан жәрдем күшейді. Ұстаздар қауымының еңбекақысы туралы жоғарыда айттық, дәрігерлер жалақысы да алдағы жылдан бастап өсетіні ресми түрде айтылды. Әлеуметтік саланың басқа қырлары да жақсара бастады. Президент, Үкімет осы әлеуметтік саладағы көптеген олқылықтарды жойып, ел тұрмысын тиянақты жақсартуға кіріскен сыңайы бар. Бұл өте дұрыс қадам, ол тоқтап қалмауы, жалғасын табуы керек.
Халқымыз оянды. Әрбір қоғамдық маңызы бар мәселелерге, оларды талқылауға белсене араласатын қалпын көрсетіп келе жатыр. Үкіметтің әрбір шешімі бұқара халықтың қызу талқылауына түсуде. Осыдан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Әрбір жауапты шешім билік пен халықтың екіжақты пікір алмасуы негізінде қабылдануы керек. Сонда ғана халық оны қолдап, орындауға көңіл қояды. Президент Үкіметтен, министрліктерден, басқа да жауапты мекемелерден осыны талап етеді.
Пайымдап қарасақ, демократиялық үрдістің жаңа қырына, бұрынғыдан да ізгілігі мол сатысына шығуға бет алғанымыз көрінеді. Президент халыққа ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары осыған жол ашты. Мемлекет тарапынан жасалған іс-шаралардың жариялылығы көбейді. Халық ол шаралардың дұрыс-бұрыстығын айтып, бақылауды күшейтті. Биліктің ең төменгі деңгейінен жоғары деңгейіне дейін құрылған Қоғамдық кеңестер өзекті мәселелерді көтеріп, оларды билікпен қоса отырып шешуге мүмкіндік алды.
Осынау жылдар ішінде Президенттің іскер басшылығымен жүзеге асқан істер сан алуан. Мерейлі мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп олардың біразын жоғарыда айттық. Бірақ алдымызда талай асулар тұрғанын білеміз, Президент ол туралы өзі ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясында өте жақсы баяндады. Өркениет жолы – ұлы көш. Ол жолмен ұзақ жүріп, сатыдан сатыға көтеріліп, жаңа сапаға жете беруіміз керек. Бізде өндірістің технологиялық деңгейі төмен. Бірақ соған қарамай әлемдегі экономикалық бәсекеге кірдік те кеттік. Сондықтан алғашқы жылдары тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп болды. Өз еліміздің экономикасы жан-жақты дайын болмай, әлем елдерімен еркін саудаға түстік. Жағдай солай болды. Кеңес одағы тарады, Батыс елдері осы жолға түсуге пәрменді түрде итермеледі.
Капиталистік қоғамның алғашқы отаны Англия жаһандық бәсекеге шығу үшін өз өндірісінің қуатын барынша арттыру мақсатымен Тюдорлар заманынан (1485ж.) бастап екі ғасыр дайындалған. Өз елінің экономикасы әлемдегі нарық бәсекесіне дайын болуға Америка Құрама Штаттарына 150 жыл керек болды. Бізде ондай уақыт болған жоқ. Негізгі себептерін жоғарыда айттық. Бізге дайындықсыз нарық жолына шығып, қатарымызды жол үстінде түзетуге тура келді.
Алған бетімізден таймай, ылғи ілгері жүріп отырсақ, халықтың бірлігін, елдің тұтастығын сақтасақ, ұрпақ өсіріп, заман талабын түсіне біліп, осыдан туатын іс-қимылды белсенділікпен жасай берсек, осы айтылған сауалдарға тиісті жауап табылады. Тұңғыш Президент ат үстінде нық отыр. Оның назарында – туған халқының тыныс-тіршілігі, оның назарында – жақсы болашаққа бастайтын асулар. Оның назарында – әлем тынысы, жақсылығы мен қауіп-қатері. Қырағы көз осының бәрін көріп, ой елегінен өткізіп, керегін өз елінің өміріне енгізу қамында.
Тұңғыш Президент күні осы құрметті атақ иесі Нұрсұлтан Әбішұлының өзін, барша халқымызды елеулі мерекесімен құттықтаймын. Заман бұдан да жақсарып, ұлы көшіміз қалпын бұзбай бұдан әрі жалғаса берсін. Тағы да іске сәт, ағайындар!
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері