Әлем саяхатшыларын өзіне тартатын Шарын шатқалы

0

Солтүстік Тянь-Шаньнан бастау алатын Шарын өзені ең үлкен өзен аңғары болып есептеледі. Өзен шатқалды бойлай ағып жатыр. Ал шатқалдың пайда болғанына 12 миллион жылдан асқан. Қатпарлы сілемдер 154 километр биіктікке дейін көтеріледі. Шың басынан ақ қар жамылған Алатау тауының әсем көрінісін анық байқауға болады. Шатқал бойымен кең жазықты Іле және Сөгеті алқаптары көсіліп жатыр.

Шатқалдың биіктігі 150-300 метрден асады. Қызыл қабырғалы терең сай мен шатқал, жота мен жыра ерекше бір таңғаларлық жүйе құрап жатыр. Жергілікті халық шатқалды “қорғанды қамалдар аңғары” деп атайды. Аңғардың ұзындығы – шамамен 2 шақырым, ені 20-80 метрге дейін жетеді.

Мұнда ауа райы құбылмалы болып келеді. Жылдық орташа температура – 5 градус. Ең ыстық мезгіл – шілде. Бұл кезде ауа температурасы 27 градусқа дейін көтеріледі. Ал ең суық кез – қаңтар. Бұл айда 6 градустан артық жылымайды.

Шарын шатқалы
Фото: Altymadetravel.kz

Құрғақ, шөлейтті жер болғанына қарамастан мұнда түрлі өсімдік пен жануар бар. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктің 17-і түрі бар. Шатқал етегінде қабан, қасқыр мен түлкі сияқты жабайы аңдар мекендейді. Шатқал арасындағы қорымдарға сұңқар, бүркіт сияқты басқа да құстар ұя салады. Бауырымен жорғалаушылардың алуан түрі шатқал арасындағы қызыл топырақты мекен етеді, әсіресе, кесіртке көп. Сонымен бірге сарыбауыр қарашұбар жылан, су жыланы тіршілік етеді.

Тау мен өзеннің салқын ауасы шатқал аумағына ерекше дем береді. Жартастар сағасына жасырынған құрақ, сексеуіл, қамыс шоқтары қаулай бүр жарады. Құм мен үңгірлер арасындағы өзен алқабында мұз дәуірін бастан өткізген, хош иісті сирек кездесетін шетен тоғайлары өсіп тұр. 1964 жылы әлгі тоғайлар ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын табиғи ескерткіштері қатарына енгізілді. Дәл осыған ұқсас тоғай Солтүстік Америкада да бар.

Күн батқан кезде мұнара жартастар басындағы жел құраған қызыл сазбалшық қызғылт реңкке бөленіп, құлпыра құбылады. Табиғат күші жасаған ғажайып көрініс бүгінде саяхатшыларды өзіне тартады. Өйткені, мұндай ерекше жаратылған жыралар мен үңгірлер басқан жер бедері әлемде саусақпен санарлық қана.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz