Әлем чемпионаты: Илья Ильин жарыс жолына шықпай қалды

0

Илья Ильин әлем чемпионатындағы жарыс жолына шықпай қалды. Қазақстандық ауыр атлет 102 келіге дейінгі салмақтағы спортшылардың арасында төбе көрсетпеді деп жазады Vesti.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: wfrk.kz

Фото: wfrk.kz

Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатының қатысушылары арасында Илья Ильин бірінші нөмірмен тіркелген болатын. Алайда отандық спортшы ауыр жарақат салдарынан жарысқа қатысудан бас тартты.

Бұл әлем чемпионаты ауыр атлет үшін допинг кесірінен екі жылдық үзілістен кейінгі алғашқы халықаралық жарысы болуы керек еді.

Ақыр соңында 102 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын Александр Зайчиков қорғады. 2016 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері биылғы әлем чемпионатында он қатысушы арасынан тек тоғызыншы орынды иеленген.

Дегенмен, Ильиннің өзі Ашхабадқа ұлттық құрамамен бірге барған болатын. Спортшы әлем чемпионатына кетер алдында онда бапкер ретінде бара жатқанын мәлімдеген.