Әлем бойынша туу көрсеткіші төмендеп барады – Әлемдік баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат — «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолу ұсынады.
Жасанды интеллект қандай қауіп төндіреді? — America Magazine
Жасанды интеллект адамдардың жұмысын, іс-әрекеттерін өзгертетін революциялық технология. Дегенмен, America Magazine басылымының жазуынша, жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндіруі де мүмкін.
«Facebook, Apple және Google жасанды интеллектті дамыту үшін миллиардтаған қаржы салып жатыр. Дегенмен, бүгінгі таңда жасанды интеллекттің этикалық мәселелеріне, моральдық салдарына, адамзатқа төндіретін қаупіне зерттеулер жасалып келеді. Көпшілігімізді жасанды интеллект этикасы алаңдатады. Себебі бұл отпен ойнағанмен бірдей», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, жасанды интеллект заманында машиналар ақылды бола бастайтындықтан, адамзатқа төндіретін қаупі де артады.
«Мысалы, телефоныңыз сізге қай уақытта пицца керек екенін біледі. Бұл ғылыми фантастика емес, аз ғана уақыттың ішінде келуі мүмкін этикалық проблема. Машиналар қаншалықты ақылды бола бастаса, олардан келетін қауіп соншалықты арта береді. Соны түсінген техникалық компаниялар өз туындыларының адамзатқа әсерін ескере бастап, компания басшылары өз балаларына смартфон ұстауға тыйым салуда», деп жазады автор.
Сондай-ақ мақалада автор маусым айында Google жасанды интеллект жасау барысында ескерілетін жеті ұстаным туралы айтқанын жазады. Компания өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект әлеуметтік тұрғыда тиімді, қауіпсіз, жоғары стандарттарға сай болуы керек.
«Осы уақытқа дейін жасанды интеллекттің экономикалық әсері туралы айтылып келеді. Әсіресе, жаңа технологиялардың жұмыс орындарды жоюы мүмкін екені көп қозғалады. Ал этикалық мәселелер көтерілмейді. Түптеп келгенде, этика барлығынан жоғары тұруы керек. Себебі адамдардың бақыты мен адамгершілігі бәрінен де маңызды», деп жазады автор.
Әлем бойынша туу көрсеткіші төмендеп кетті — ВВС
Ғалымдар соңғы кездері бүкіл әлем бойынша туу көрсеткішінің төмендеп кеткенін анықтады. Бұл туралы ВВС басылымы хабарлады.
«Ғалымдар жариялаған зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бүкіл әлем бойынша бала туу көрсеткіші төмендеп, балалар саны азайған. Немерелер санына қарағанда ата-әжелердің көп болуы қоғамға қалай әсер етуі мүмкін?», деп жазады автор.
Мақалада ғалымдардың зерттеуі Lancet журналында жарияланып, онда 1950 — 2017 жылдар аралығындағы көрсеткіштер ескерілгені айтылған.
«1950 жылы әйелдер орташа есеппен 4,7 бала дүниеге әкелген. Ал былтыр туу көрсеткіші екі есе азайып, бір әйелге 2,4 баладан келген. Вашингтон университетінің Денсаулық сақтау институтының докторы, профессор Кристофер Мюррейдің айтуынша, зерттеу нәтижелері ғалымдардың барлығын таңғалдырған», деп жазылған мақалада.
Автордың айтуынша, туу көрсеткіші Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Австралия секілді дамыған мемлекеттерде төмен болған. Дегенмен, бұл осы елдерде халық саны азайып жатқанын білдірмейді, себебі бұл туу коэффициенті, өлім-жітім көрсеткіші мен миграцияны ескерген мәліметтер.
«Туу көрсеткішінің төмендеуі әйелдердің жұмыс пен білімге көптеп кірісіп, баланы дүниеге аз әкелетінін көрсетеді. Дегенмен, бұл болашақта халықтың орташа жасының ұлғайып, тіпті, халық санының азаюына соқтыруы мүмкін. Оксфорд университеті докторларының бірі Джордж Лисонның айтуынша, мемлекеттер демографиялық өзгерістерге дайын болса, туу көрсеткішінің төмендеуі проблемаға айналмайды», деп жазады автор.
Видеоойындар уақытты босқа өткізу ме? — The New York Times
Осы уақытқа дейін көпшілігі видеоойындарды уақыт өткізіп, көңіл көтеру үшін ойнайтын еді. Ал бүгінде электронды спорт, киберспорт деген терминдерді жиі еститін болдық. The New York Times басылымында жарияланған мақалада көп адам ойнайтын видеоойындар электронды спорт түрлеріне жатқызылатыны туралы, кейде ойын жеңімпаздарына колледждер грант тағайындайтыны айтылған.
«Соңғы екі жылда АҚШ пен Канаданың университтеттерімен жұмыс істейтін қауымдастықтардың бірі видеоойын жеңімпаздарына 16 млн доллар көлемінде стипендия бөлген. Жоғары оқу орындарында электронды спорт түрлері кейде студенттердің бос уақытын жоспарлау бағдарламасына немесе инженерлік және бағдарламалық жобалау жоспарына енгізіледі. Мысалы, Иллионойс штатындағы Роберт Моррис университетінде электронды спорт жарыстары жеңіл атлетика бөліміне кіреді», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, аталған университетте электронды спортпен 90 студент шұғылданса, олардың сексені стипендия алады. «Видеоойыншылар деңгейге байланысты оқуының 70 пайызын төлей алатын стипендия алады. Резервтегі ойыншылар оқуының 35 пайызын жабады», деп жазады автор. Оның айтуынша, кейде оқу орны командаға немесе белгілі бір ойынға қатысатын адамға ғана стипендия тағайындамайды. Мысалы, Нью Йорк университеті жылына ойын индустриясының кез келген жұмысына қатысатын бір студентке стипендия тағайындайды.
Жердің озон қабаты қайта қалпына келіп жатыр — Voice of America
Voice of America басылымының хабарлауынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында Жердің озон қабаты қайта қалпына келіп жатқаны айтылған.
«1970 жылдан бастап Жердің озон қабаты жұқара бастаған болатын. Сол кезден бері ғалымдар дабыл қағып, бүкіл әлем бойынша зиянды химиялық қалдықтарды азайту керектігін айтып келеді. Ал БҰҰ жаңа баяндамасында Солтүстік жартышардағы озон қабаты 2030 жылы, ал оңтүстік жартышардағы озон қабаты 2060 жылы толығымен қалпына келтірілетіні айтылған», деп жазады басылым.
Зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі Пол Ньюман бұл жақсы жаңалық екенін айтады.
«Озон қабаты Жерді адамның терісіне, егіс алқаптарына өте зиян ультракүлгін сәулелерден қорғап тұрады. Ал техногенді химиялық заттарды қолдану озон қабатына кіріп, оған зиян тигізе бастаған еді. 1987 жылы бүкіл әлем бойынша мемлекеттер Монреал хаттамасына қол қойып, химиялық заттардан сатылап бас тартуға келіскен болатын. Дегенмен, 1990 жылдың соңында озон қабатының он пайызы зақымданған еді. Ал он жылда бұл 1-3 пайызға артқан», деп жазылған баяндамада.
Мысырда ежелгі дәуірге тән суреттер табылды — Associated Press
Мысырдың ежелгі дәуір министрлігі Каирде қазба жұмыстары барысында археологтар б.з.д 4 мыңыншы жылға тән суреттері бар тас плиталар тапқанын хабарлады. Associated Press басылымының хабарлауынша, артефактар Каирдің Матария ауданында табылған.
Ежелгі ескерткіштердің фрагменттері фараондардың 12 және 20-династиясына тиесілі. Мамандардың айтуынша, жазбаларда Ніл өзенінің тасуына себепші ретінде аталатын Атума құдайының аты кездеседі. Сонымен қатар археологтар Асасиф бейітінен б.з.д. 1292 жылға дейін Ежелгі Мысырды басқарған 18-фараондар династиясына тиесілі сурет пен табыт тапқан.
«Мысыр соңғы кездері археологиялық қазба нәтижелерінде табылған ежелгі ескерткіштер туралы жиі хабарлап жүр. Сол арқылы олар туризмді тірілтіп, шетелдіктердің қызығушылығын арттырғысы келетіні анық. Себебі 2011 жылғы көтерілістен кейін Мысырға келетін туристер саны азайып кеткен болатын», деп жазады басылым.